ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ 50 МЫҢ БАС ІРІ ҚАРА МАЛҒА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ МЕГА-ФЕРМА САЛЫНУДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ауқымды жобалардың бірі жүзеге асырылып жатыр. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында қолға алынған бұл жоба өңірдің ғана емес, еліміздің мал шаруашылығы саласындағы ірі өндірістік кешендерінің біріне айналмақ.
Қазіргі таңда мега-фермада 30 мыңға жуық ірі қара мал бордақыланып жатыр. Жоба толық қуатына шыққан кезде кешен заманауи технологиялармен жабдықталған, жоғары өнімді әрі экспортқа бағытталған өндірістік алаң ретінде жұмыс істейді деп жоспарлануда. Ерекше атап өтерлігі, жоба «ақылды ферма» қағидатына негізделіп, қалдықсыз өндіріс жүйесі арқылы жүзеге асырылуда.
Аталған жобаның іске асырылуы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, заманауи технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы бастамаларға ерекше қолдау көрсетіп келеді.
Кешенді жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Сырым Ертаевтың айтуынша, фермадағы барлық өндірістік үдерістер толық автоматтандырылған. Атап айтқанда, малды күтіп-бағу, азықтандыру, салмақ бақылауы және ветеринарлық қызмет көрсету жүйелері цифрлық технологиялар арқылы басқарылады. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
– Біздің басты мақсатымыз – экологиялық таза әрі сапалы ет өндіру. Сондықтан өндірістің барлық кезеңінде заманауи технологияларды қолданып отырмыз. Бұл тәсіл малдың тез салмақ қосуына, аурулардың алдын алуға және өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – дейді кәсіпкер.
Қазірдің өзінде кешенде өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне экспортталуда. Ал алдағы жоспар – Түркия нарығына шығу. Бұл Түркістан облысының экспорттық әлеуетін арттырып, қазақстандық ет өнімдерінің халықаралық нарықтағы үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар жаңбырлатып суару техникаларын сатып алуға 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие қарастырылған. Ал жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 5,9 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған.
Кешенде қолданылып жатқан технологиялардың бірі – аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, малдар жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа арналған азық мөлшері автоматты түрде есептеліп, теңгерімді рацион ұсынылады. Мұндай тәсіл малдың тез әрі сапалы салмақ қосуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар фермада санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше көңіл бөлінген. Әр сектор таза сумен қамтамасыз етіліп, қалдықтарды шығару жүйесі толық автоматтандырылған. Малдар ашық әрі кең алаңда еркін қозғалыста бағылады. Бұл олардың табиғи жағдайға бейімделуін сақтап, стресс деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Нәтижесінде ет сапасы артып, өндіріс шығындары оңтайландырылады.
Қазіргі таңда шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Бұл тұқымдар ет бағытындағы жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге кешен жанынан 4710 гектар алқапта мал азығы дақылдары егілген. Бұл ферма қажетті жемшөппен толықтай өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың мәліметінше, тәулігіне 50 мың басқа дейін шамамен 500 тонна жем беріледі. Осындай ауқымды өндірістік қуаттылық кешеннің еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік жобалардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жоба толық іске қосылған кезде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда кешенде 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік жағдайды жақсартып, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Кәсіпорын құрылысы биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін береді. Сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайтып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға маңызды үлес қоспақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы