ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА ҚУАТЫ 300 МВт ІРІ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасыл экономика мен баламалы энергия көздерін дамыту елдің ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылығы мен экологиялық қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағытта елімізде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Түркістан облысында да энергия тапшылығын азайту және сыртқы көздерге тәуелділікті төмендету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 75 пайызы сыртқы көздер есебінен қамтамасыз етіледі (жалпы тұтыну көлемі 445 МВт, оның 338,8 МВт-ы сырттан тасымалданады). Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа стратегиялық жобалар қолға алынуда.
Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесіп, Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясын салу жобасының жүзеге асу барысын талқылады. Кездесу барысында құрылыс кезеңдері, іске асыру кестесі және туындаған мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қаралды.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында аталған жобаның іргетасы қаланып, стратегиялық бастамаға ресми түрде старт берілген болатын. Қазіргі таңда жоба белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі жобаның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше тоқталды.
– Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық саясатты қолдау жөніндегі бастамаларының нақты нәтижесі әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі. Біз жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өңірдегі барлық инвестициялық жобалар менің тұрақты бақылауымда, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әкімдік тарапынан көрсетілетін әкімшілік қолдау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері де қаралды. Сонымен қатар жобаның техникалық ерекшеліктері таныстырылып, оның жоғары технологиялық сипатқа ие екені атап өтілді.
Жобаның аясында электр станциясы заманауи энергия үнемдейтін күн панельдерімен жабдықталады. Қосалқы станцияда қуаты 400 МВА болатын екі трансформатор орнатылады. Бұдан бөлек, қуаты 90 МВт/360 МВт•сағ болатын энергия жинақтау жүйесі енгізіліп, бұл электр желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Жалпы инвестиция көлемі шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – жасыл энергия өндірісін арттыру, көмірге тәуелділікті азайту және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейту.
Қазіргі таңда жоба бойынша келесі кезеңдер жоспарланған. Атап айтқанда, құрылыс алаңына арналған модульдік контейнерлерді жеткізу, алғашқы партиядағы күн панельдері мен қосалқы жабдықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның толық жүзеге асуы 2024–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылады.
Жоба нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылар азаяды, өңірдің инфрақұрылымы дамып, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай күшейеді деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Түркістан өңірін еліміздің индустриялық қуатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өткені белгілі. Бүгінде көптеген инвесторлар жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде, өңір экономикасына 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн теңге). Бүгінгі таңда, 8 өндірістік ғимараттар мен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Жалпы өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, маңызды ірі жобалар: — Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны 35 млрд теңге, 300 жұмыс орны); — Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны 21 млрд теңге, 960 жұмыс орны); — Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны 9 млрд теңге, 96 жұмыс орны); — Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны 8,5 млрд теңге, 150 жұмыс орны); — Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны 8 млрд теңге, 150 жұмыс орны). Жыл соңында 103,5 млрд теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобаларын іске қосу жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы