ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ТОЛЫҚ ЦИКЛДІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ ДАМУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында экономиканы әртараптандыруға, нақты секторды күшейтуге және инвестиция тартуға ерекше мән беріп келеді. «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», деді Президент халыққа Жолдауында. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында өңірімізде экономиканың барлық салаларында көптеген жұмыс атқарылып жатыр.
Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасын іске асырып жатқан инвесторлармен кездесіп, жобаның қазіргі жай-күйі мен алдағы даму жоспарларын жан-жақты талқылады.
Ауқымды бастама өңірдегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі саналады. Жалпы инвестиция көлемі 146,6 миллиард теңгені құрайтын кешен мақта шаруашылығының толық өндірістік тізбегін қамтиды. Яғни мақтаны өсіруден бастап, оны терең өңдеу, иіру, мата өндіру, бояу-әрлеу және дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық циклді өндіріс жолға қойылуда.
Жоба толық қуатына шыққан кезде 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар заманауи агротехнологиялар, соның ішінде тамшылатып суару жүйелері енгізіліп, өнімділік гектарына 60 центнерге дейін арттыру көзделіп отыр.
Кешен құрамына мақта өңдеу зауыттары, ПВХ құбырларын шығару өндірісі, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін кәсіпорын, жіп иіру фабрикасы, тоқыма мата өндірісі, бояу-әрлеу цехы және тігін фабрикасы сияқты бір-бірімен байланысты өндірістік буындар кіреді. Бұл – шикізатты сыртқа шығармай, оны ел ішінде толық өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи индустриялық модель.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 100,1 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске қосылып, нәтижесінде 1760 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өңірдегі жеңіл өнеркәсіп пен агроөндіріс саласының дамуына айтарлықтай серпін берді.
Сонымен қатар Отырар ауданында 32 мың гектар жерге мақта егу жобасы жүзеге асырылып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашылды. Бұл бастама мақта кластерінің шикізат базасын тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл соңына дейін жалпы құны 46,5 миллиард теңгені құрайтын тағы 6 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық өндірістік тізбекті одан әрі кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың өңір дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Біз үшін ең басты мақсат – инвестициялық жобалардың уақытылы әрі тиімді жүзеге асуы. Қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Алдағы жоспарларды бірлесе пысықтап, туындаған мәселелерді бірге шешеміз. Негізгі міндет – толық циклді мақта кластерін қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өнім көлемін арттыру, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар да жобаның іске асу барысы туралы ақпарат беріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Негізгі мәселелердің бірі – білікті жұмыс күші тапшылығы екені айтылды. Осыған байланысты өңір басшысы жергілікті колледж түлектерін тарту жұмыстарын күшейтуді және мамандарды даярлауға арналған гранттық бағдарламаларды кеңейтуді тапсырды.
Жобаны жүзеге асырып жатқан компания Қытайдың агроөнеркәсіптік индустрияландыру саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі – «Zhongtai Group» құрамына кіреді. Компания мақта және тоқыма саласында толық өндірістік тізбекті қалыптастыру тәжірибесіне ие.
Қазіргі таңда кешен аумағында еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Отырар ауданындағы мақта алқабы 16 секторға бөлініп, әр секторда жұмысшыларға арналған тұрмыстық инфрақұрылым қарастырылған. Зауыт аумағында 4 жатақхана жұмыс істейді, қызметкерлер үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Бүгінде кешенде 700-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жаңа өндіріс нысандары іске қосылған сайын бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы