ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА «DALA FRUIT» АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ ТАБЫСТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдің жаңа экономикалық бағытын айқындап, Қазақстанды инновация мен цифрлық технологияларға негізделген заманауи экономикаға көшіру міндетін жүктеген болатын. Жолдауда экономиканы әртараптандыру, шикізаттық тәуелділікті азайту және жоғары технологиялы өндірісті дамыту негізгі басымдық ретінде белгіленді. Бұл бағыттар жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін арттыруға және өңірлік дамуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру аясында Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңірде жүзеге асырылып жатқан табысты жобалардың бірі – Сайрам ауданы, Қарасу ауылында орналасқан «Dala Fruit» агроөнеркәсіптік кешені.
Бүгінде «Dala Fruit» Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың қатарына еніп, заманауи жеміс өндірісінің үлгісін қалыптастырып отыр. Кәсіпорынның негізгі бағыты – алма және басқа да жеміс түрлерін өсіру, сақтау, терең өңдеу және табиғи шырын өндіру.
Жоба жеке инвесторлардың қатысуымен және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Нәтижесінде кәсіпорын қысқа уақыт ішінде қарқынды дамып, интенсивті бау шаруашылығын қалыптастырды.
Қазіргі таңда 800 гектардан астам аумақта жоғары өнімді алма бақтары өсірілуде. Жыл сайын бұл бақтардан 8–10 мың тоннаға дейін сапалы өнім жиналады. Өндірісте Италия, Германия, Австрия және Түркия елдерінің озық агротехнологиялары енгізілген. Тамшылатып суару жүйесі, сапалы көшет отырғызу және заманауи агротехникалық талаптардың сақталуы жоғары өнімнің басты кепілі болып отыр.
Кәсіпорында өсірілетін алма сорттары халықаралық нарық талаптарына толық сәйкес келеді. Олардың қатарында Айдаред, Голден Делишес, Ред Делишес, Гренни Смит және Джонаголд сияқты кең таралған әрі сұранысқа ие сорттар бар. Бұл өнімдердің сапасы ішкі нарықта ғана емес, экспорттық бағытта да бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр.
«Dala Fruit» тек жеміс өсірумен шектелмей, терең өңдеу саласын да дамытып келеді. Кәсіпорында заманауи шырын өндіру желісі жұмыс істейді. Мұнда табиғи, қоспасыз, тікелей сығылған алма шырындары өндіріліп, тұтынушыларға сапалы әрі экологиялық таза өнім ұсынылуда.
Сонымен қатар кәсіпорын құрамында 15 мың тоннадан астам өнім сақтауға арналған заманауи көкөніс және жеміс қоймалары бар. Бұл инфрақұрылым өнімді ұзақ уақыт сапасын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде нарық жыл бойы балғын өніммен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде «Dala Fruit» өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қытай елдеріне экспортталуда. Бұл кәсіпорынның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.
Компанияның маңызды ерекшеліктерінің бірі – әлеуметтік жауапкершілігі. Мұнда жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл халқы үшін тұрақты табыс көзі ғана емес, сонымен бірге өңір экономикасының дамуына қосылған маңызды үлес болып отыр.
Жалпы, Түркістан облысында өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетті арттыру мақсатында 20 индустриалдық аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Өңірге сырттан келетін импорт тауарларға жүргізілген талдау нәтижесінде құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және тамақ өндірісі салаларында импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайтыны анықталған. Бұл өнімдерді жергілікті жерде өндіруге толық мүмкіндік бар.
Осы бағытта инвесторлармен жүйелі келіссөздер жүргізіліп, оларға индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардан дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Нәтижесінде бірқатар маңызды инвестициялық жобалар іске асырылып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін берілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы