ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 2025–2026 ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ТҰРАҚТЫ АЯҚТАЛДЫ

Түркістан облысында 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымы жоспарлы түрде өтіп, толықтай сәтті қорытындыланды. Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары Түркістан облысы әкімдігі мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы тарапынан жүйелі түрде алдын ала жүргізіліп, инфрақұрылымдық нысандардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне толық жағдай жасалды.
Маусымға дайындық кезеңінде газбен жабдықтау жүйелерінің барлық негізгі элементтері кешенді тексерістен өтті. Атап айтқанда, 461 газ реттеу пунктіне (БГРП, ГРП), 97 125 шкафтық газ реттеу пунктіне (ШРП, ШГРП), сондай-ақ 56 электрхимиялық қорғау құралдарына жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық техникалық шаралар 100 пайыз орындалып, жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар газ тарату желілеріне ауқымды диагностикалық тексерістер жүргізілді. «Пергам» жылжымалы зертханасының көмегімен 1 445 шақырым газ құбырына кешенді тексеру жасалып, ықтимал ақаулар мен тәуекелдер алдын ала анықталып, дер кезінде жойылды. Бұл шаралар қыс мезгілінде газ жүйесінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.
Жылыту маусымы барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қызметкерлер толық көлемде жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы техникалық жабдықтармен және қажетті материалдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар газ-техникалық инспекциямен бірлесіп, тұрғындар арасында тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Алдын алу шаралары аясында 23 сүзгі тазартылып, 1 154 сүзгі элементі ауыстырылды. Газ құбырларындағы инфрақұрылымдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында 86 аркалық өткел қайта жаңартылып, жер астына көшірілді немесе биіктігі реттелді. Сонымен бірге 271 қауіпсіздік іс-шарасы жүзеге асырылып, ескерту белгілері мен жарық шағылыстырғыш элементтер орнатылды. Төмен қысымды газ жүйелерін тұрақтандыру үшін 23 сақиналау жұмысы атқарылып, қосымша 10 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды, 9 газ құбырының диаметрі ұлғайтылды.
Авариялық-диспетчерлік қызмет те күшейтілген режимде жұмыс істеді. 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың сәуіріне дейін тұтынушылар тарапынан түскен 7 266 өтініш толық қаралып, барлығы белгіленген мерзімде орындалды. Бұл өңір тұрғындарын үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар газдандыру жұмыстары да қарқынды жалғасты. Жылыту маусымы кезеңінде 70 елді мекенге табиғи газ беріліп, 23 711 жаңа тұтынушы көгілдір отынға қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты.
Жалпы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Түркістан облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты әрі қауіпсіз режимде өтті. Газбен жабдықтау жүйесінде іркілістерге жол берілмей, тұрғындар үздіксіз қызметпен қамтамасыз етілді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы алдағы уақытта да газ инфрақұрылымын жаңғырту, жүйенің сенімділігін арттыру және қауіпсіздік деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы