Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
2026 жылғы жазғы маусымды сапалы әрі қауіпсіз өткізу мақсатында өңірде ведомствоаралық штаб құрылып, 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Аталған жоспар балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге, сапалы тамақтандыру жүйесін жетілдіруге, медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Осыған байланысты өткен жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев балалар демалысын ұйымдастыру мәселесінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жазғы лагерьлердің басты міндеті – тек демалыс ұйымдастыру емес, балалардың денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілетін дамыту және қауіпсіз орта қалыптастыру.
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың мәліметінше, биыл өңірдегі 1–10 сынып аралығындағы 496 мыңнан астам оқушының басым бөлігі жазғы демалыспен қамтылмақ. Бұл жұмыстар үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Біріншіден, қала сыртындағы 23 лагерьде 35 мыңнан астам бала демалады. Екіншіден, мектеп жанындағы лагерьлер арқылы 140 мыңға жуық оқушы қамтылады. Үшіншіден, еңбек, туристік, шығармашылық және спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар арқылы 300 мыңнан астам бала жазғы демалысын мазмұнды өткізеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы және ерекше бақылаудағы 1300-ден астам балаға да арнайы қолдау көрсетіліп, олардың жазғы демалысы толық қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта балалардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Лагерь инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы лагерьге апаратын жолдарды жөндеу, спорт алаңшаларын салу және электр желілерін жаңарту жұмыстары қарастырылуда. Ал Түлкібас ауданындағы лагерьді коммуналдық меншікке өткізу және жаңа сауықтыру орталықтарын ашу мүмкіндігі зерделеніп жатыр. Бұл бастамалар алдағы жылдары балаларды қамту деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыруға арналған арнайы жадынамалар таратылып, қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, тұлғалық дамуына, жаңа дағдыларды меңгеруіне және әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бағыт ретінде қарастырылып отыр. Барлық жұмыстар тұрақты бақылауда және жазғы маусым жоғары деңгейде өткізіледі деп күтілуде.