Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы экологиялық және санитарлық-тазалық шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен аптада барлық аудан, қала аумақтарында кең ауқымды «Таза қала» және «Таза ауыл» акциялары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шаралар барысында арнайы құрылған жұмысшы топтар базарлар мен сауда орталықтарының аумақтарында санитарлық жағдайға мониторинг жүргізіп, тазалық талаптарының сақталуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар елді мекендерде көгалдандыру, абаттандыру және қоқыс шығару жұмыстары бір мезгілде атқарылды.
Акцияға жалпы 41 мыңнан астам адам қатысып, 272 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде өңір аумағынан 2 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, 31 мың түп ағаш отырғызылды. Бұдан бөлек, 69 мыңнан астам ағаш әктеліп, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекендердің санитарлық жағдайын нығайтуға бағытталды.
Өңірде экологиялық тазалықты сақтау жұмыстары мұнымен шектелмей, алдағы кезеңде «Таза аула» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама көпқабатты үйлер мен жеке сектор аулаларын қамтып, тұрғындардың өз аумағын таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.
Аталған мәселелер Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен қаралды. Жиында өңір басшысы сауда орындары мен қоғамдық аумақтарда санитарлық-гигиеналық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі нормаларын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі ретсіз саудаға жол бермеу, қоқыс жиі жиналатын нүктелерді анықтау және ол жерлерге бейнебақылау жүйелерін орнату қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта полиция департаментімен бірлескен тұрақты рейдтік жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бірқатар сауда нысандарында санитарлық талаптардың сақталу деңгейі әлі де жеткіліксіз, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік нормалары мен ретсіз сауда мәселелері бойынша кемшіліктер анықталған.
Анықталған олқылықтарды жою бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Жалпы, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынып, өңірдің экологиялық мәдениетін арттыру және санитарлық тазалық деңгейін көтеру бағытындағы кешенді шаралар жүйелі түрде жалғасуда.