Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балық шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы бастамалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.
Осы орайда Түркістан облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының бірлесуімен «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» атты тұңғыш халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, спорттық балық аулауды дамыту, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу арқылы өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыру.
Фестиваль аясында табиғатты қорғау мен жасыл мәдениетті дәріптеу мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде ағаш отырғызу жұмыстары да ұйымдастырылды. Бұл шара табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталды.
Салтанатты жиынға «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Төрегелді Қалмұратов пен Нұржан Әжіметов қатысып, фестивальдің өңір үшін маңызын атап өтті.
Балық аулау жарыстары «Rauan Ranch» демалыс аймағында өткізіліп, оған Қазақстанның әр өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 10 команда қатысты. Қатысушылар бірнеше спорттық бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, қалқымалы қармақпен балық аулау, жағадан спиннингпен балық аулау және фидерлік спорттық сайыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Қармақпен балық аулау бойынша Шымкент қаласының командасы 1-орынды иеленсе, 2-орын Қырғызстан Республикасына, 3-орын Түркістан облысына бұйырды. Спиннинг сайысында Қызылорда облысы жеңімпаз атанса, Жамбыл облысы екінші, Қырғызстан Республикасы үшінші орынға тұрақтады. Ал фидерлік бағытта Қырғызстан командасы үздік нәтиже көрсетіп, Шымкент қаласы мен Қызылорда облысы жүлделі орындарды бөлісті.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарыс барысында ерекше нәтиже көрсеткен қатысушыларға «Ең үлкен балық ұстаушы», «Ең кішкентай балық ұстаушы» және «Ең көп балық ұстаушы» номинациялары табысталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль барысында ең ірі балықтың салмағы 3,2 келі болса, ең кішкентай балық 50–70 грамм аралығында болған.
Бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өңірде 184 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Сонымен қатар 104 жергілікті маңызы бар су айдыны тіркеліп, оның 74-інде балық шаруашылығы жүргізілуде. Шардара ауданында жылына 12 мың тонна балық өнімін өндіруге қауқарлы төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді.
Жасанды балық өсіру саласы бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Өткен жылы жоспарланған 7 467 тонна өнім толық орындалып, саланың тұрақты дамуы қамтамасыз етілді. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау мен инвестициялық субсидиялар да белсенді түрде тартылуда.
Сала мамандарының айтуынша, жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, экспорттық әлеуетті арттыруға және ішкі нарықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» фестивалі өңірдегі ауыл еңбегін дәріптеп қана қоймай, Түркістан облысының балық шаруашылығы, туризм және инвестиция салаларындағы дамуына жаңа серпін берген маңызды халықаралық алаңға айналды. Алдағы уақытта мұндай фестивальді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.