Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполистер мен облыс орталықтары маңында жасыл аймақтар мен экологиялық саябақтар қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды экологиялық бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Түркістан қаласы маңында заманауи экопарк салу жұмысы.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы жұмыс сапарымен экопарк орналасатын аумаққа барып, жобаның жүзеге асу барысын жауапты сала мамандарымен бірге пысықтады. Өңір басшысы бастаманың тек қаланың көркін арттыру емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және демалыс мәдениетін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Жобаға сәйкес, биыл Түркістан қаласы аумағында 50 гектар жерді қамтитын жаңа экопарк қалыптастыру жоспарланған. Бұл аумақ «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің иелігіндегі жерлер негізінде абаттандырылмақ. Жобаның басты ерекшелігі – табиғи ландшафтпен үйлескен, адам мен табиғаттың өзара байланысын күшейтетін көпфункционалды демалыс кеңістігін құру.
Экопарк аумағында шамамен 10 000 түп ағаш отырғызу көзделіп отыр. Мамандар жергілікті климатқа төзімді әрі экожүйеге бейімделген ағаш түрлерін таңдауға басымдық беруде. Олардың қатарында тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік сияқты жасыл желек түрлері бар. Бұл тек көгалдандыру емес, сонымен бірге өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді шешім болмақ.
Қазіргі уақытта аумақта дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тазалық жұмыстарымен қатар, жер бедерін реттеу, суару жүйелерін жоспарлау және болашақ демалыс аймақтарының инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Жобаға 150-ге жуық жұмысшы тартылып, 10 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Облыс әкімі жауапты мамандарға жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды. Сонымен қатар, экопарктың тек ағаш отырғызу алаңы емес, балалар мен жастарға, отбасылық демалысқа арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналуы керектігін ерекше атап өтті.
Сапар барысында өңір басшысы халықаралық әуежайға апаратын жол бойындағы көгалдандыру жұмыстарының барысын да тексерді. Бұл бағыттағы абаттандыру шаралары Түркістанның туристік және көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.
Жалпы, Түркістан облысында жасыл аймақтарды кеңейту, қалалық және ауылдық аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Экопарктер мен көгалдандыру жобалары өңірдің экологиялық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етпек.