Түркістан облысында ауыл шаруашылығының ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі – жылыжай шаруашылығы. Бұл сала өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алайда өндіріс көлемінің артуы экологиялық жауапкершілік мәселесін де күн тәртібіне шығарды.
Қысқы маусымда жылыжайларды көмірмен жылыту тәжірибесі кеңінен қолданылуы салдарынан атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемі артып, қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына қосымша салмақ түсіруде. Осыған байланысты өңірде экологиялық тиімді технологияларға кезең-кезеңімен көшу мәселесі басты басымдықтардың біріне айналып отыр.
Осы түйткілді мәселеге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылықтарының өкілдерімен өткен кездесуде ерекше тоқталды. Өңір басшысы кәсіпкерлерді тек экономикалық тиімділікке емес, табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілікке де басымдық беруге шақырды.
– Жылыжай шаруашылығы – аймақ экономикасының маңызды тірегі. Дегенмен оның болашағы экологиялық тепе-теңдікпен тікелей байланысты. Көмірден шығатын түтін мен зиянды қалдықтар тек табиғатқа емес, адамдардың денсаулығына да әсер етеді. Сондықтан әрбір кәсіпкер бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Мемлекет тарапынан барлық қолдау тетіктері бар: субсидия, жеңілдетілген несие, энергия шығындарын өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Ендігі міндет – түтін сүзгілерін орнатып, табиғи газға кезең-кезеңімен көшу, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысы бүгінде Қазақстандағы жылыжай шаруашылығы ең дамыған өңір саналады. Республика бойынша жылыжайлардың шамамен 72 пайызы осы аймақта шоғырланған. Жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 жылыжай тұрақты жұмыс істеп, ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Сарыағаш ауданы – бұл саладағы жетекші аумақтардың бірі. Мұнда 2183 жылыжай бар. Оның 551,8 гектары көмірмен, 7,5 гектары табиғи газбен жылытылады, ал 247,9 гектары қарапайым парниктер ретінде жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, экологиялық жүктемені азайтудың ең тиімді жолы – жылыжайларға түтін сүзгі жүйелерін орнату және табиғи газға толық көшу. Мұндай заманауи сүзгі жүйелерінің құны шамамен бір гектарға 4–5 млн теңгені құрайды.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстық экология департаменті, табиғатты қорғау прокуратурасы, «Атамекен» ҰКП, «QazaqGaz» АҚ және жылыжай иелері бірлесе отырып, бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, нақты шешімдер қарастыруда. Сонымен қатар шетелдік тәжірибені зерделеу мақсатында көрші елдердегі заманауи жылыжай кешендеріне сапарлар ұйымдастырылып, экологиялық тиімді технологиялардың мүмкіндіктері сарапталды.
Мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау жүйелі түрде жалғасып келеді. Өндірістік жылыжайларға әр гектарға 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара өтеу тетігі іске қосылды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжайларды жаңғыртуға жеңілдетілген несиелер ұсынылуда. Қазіргі таңда түтін сүзгілерін орнатуға қатысты 100-ден астам өтінім қабылданған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытумен қатар экологиялық талаптарды күшейту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Бұл – тек өндірісті жетілдіру емес, сонымен бірге табиғатты қорғауға, жасыл экономика қағидаттарын орнықтыруға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.