Түркістан облысында еліміздің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі – қуаты 300 мегаватт болатын фотоэлектрлік және энергия сақтау жүйесіне негізделген заманауи күн электр станциясының құрылысы қарқынды түрде жалғасуда. Жобаның алғашқы кезеңіндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде қадалы іргетасты құюдың салтанатты рәсімі өтті. Бұл шара нысанның дайындық жұмыстарынан негізгі құрылыс кезеңіне толық көшкенін білдіреді.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының мамандары, мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысты. Жиын барысында жобаның маңыздылығы, оның өңір экономикасына және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қосатын үлесі жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және «жасыл» экономиканы қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық экологиялық таза энергия өндіруді басты бағыттардың біріне айналдырса, Қазақстан да осы үдерістен шет қалып отырған жоқ.
– Өткен жылдың желтоқсан айында осы маңызды жобаның іргетасын қалап, уақыт капсуласын салу рәсімін бірге өткізген болатынбыз. Бүгін біз құрылыс жұмыстарының жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері күн энергиясын тиімді пайдалануға өте қолайлы. Сондықтан бұл жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық инвестициялар тартуға да тың серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңір басшысы жобаның жүзеге асуына облыс әкімдігімен қатар Қазақстан Үкіметі мен салалық министрліктер тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ол бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің жарқын көрінісі екенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй іргетасты құю рәсімі екі ел арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жоба жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді әрі халықаралық әріптестіктің нақты нәтижесін көрсетеді.
Компания өкілі құрылыс жұмыстары халықаралық талаптар мен жоғары сапа стандарттарына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ олар «Самұрық-Энерго» АҚ және басқа да серіктестермен бірлесе отырып, жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Жиын барысында «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Әміртаев және басқа да жауапты тұлғалар атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Олар жобаны жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап, тұрақты қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, аталған жобаның уақыт капсуласы 2024 жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері құрылыс алаңында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, жер қазу және инфрақұрылым дайындау жұмыстары толық аяқталып, әкімшілік кеңсе, жұмысшыларға арналған жатын орындар, қойма және қосалқы нысандар бой көтерді. Енді жоба негізгі кезеңге өтіп, күн панельдері мен энергия сақтау жүйелерінің басты қондырғыларын орнату жұмыстары басталып отыр.
Түркістан облысындағы 300 мегаватттық фотоэлектрлік және энергия сақтау жобасының жалпы инвестициялық құны шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында қол қойылған негіздемелік келісім аясында іске асырылатын алғашқы ірі энергетикалық жоба.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да ерекше. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымының дамуына және инвестициялық тартымдылығының өсуіне ықпал етеді.
Мамандардың болжамынша, станция пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат көлемінде экологиялық таза электр энергиясын өндіреді. Бұл өңірдің энергетикалық теңгерімін жақсартып қана қоймай, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға да өз үлесін қосады.
Қазіргі таңда Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды жоба еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға және «жасыл» экономикаға көшу стратегиясын жүзеге асыруға қызмет ететін маңызды бастама болып саналады.
Қуаты 300 мегаватт болатын күн электр станциясын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысы жаңартылатын энергия өндіру саласындағы жетекші өңірлердің біріне айналып, еліміздің тұрақты дамуына елеулі үлес қоспақ.