
Бүгін киелі шаһардағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов қатысып, спортшылар мен бапкерлерді дүбірлі доданың ашылуымен құттықтады.
Облыс әкімі Халық ойындарының елдегі бұқаралық спортты дамытудағы маңызына тоқталып, Түркістан облысындағы спорт саласының жетістіктерін атап өтті.
– Бүгін біз ұлттық рухты ұлықтайтын, салауатты өмір салтын дәріптейтін, бұқаралық спорттың мәртебесін арттыратын үлкен спорт мерекесінің куәсі болып отырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде жаңа спорт нысандары салынып, спортпен айналысатын азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, биылғы бес айда облыс спортшылары 657 медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың сапына 788 спортшы енді. Азия ойындарына 10 спортшымыз лицензия жеңіп алды. Сонымен қатар өңірде 20 жаңа спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан өңірі республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге кең мүмкіндік алып отыр. Бүгін шаһарымызда 20 өңірден келген 2300-ден астам ең мықты спортшылар мен жаттықтырушылар бас қосып отыр. Бұл – Халық ойындарының ауқымы мен беделінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл дүбірлі сында ең мықты спортшылар анықталады. Сондықтан әрбір қатысушыға әділ бәсеке, жоғары спорттық шеберлік пен жарқын жеңістер тілеймін. VIII Халық ойындары бұқаралық спорттың дамуына жаңа серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын айтулы мерекеге айналсын! – деді облыс әкімі.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Халық ойындарының елдегі спорт қозғалысын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты кеш арнайы дайындалған қысқаша таныстырылым бейнероликтерімен басталып, әр өңірдің спорттық құрамалары кешен ішіндегі жасанды көл айдынында арнайы қайықтармен шеру өткізді.
Айта кетейік, театрландырылған қойылымдармен, этно-фольклорлық композициялармен және танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасқан ашылу салтанаты көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жарысқа қатысушы спортшылар мен жаттықтырушылар киелі шаһардағы ірі доданың ұйымдастыру деңгейі жоғары екенін жеткізуде.
– Бұл додаға Атырау облысынан волейбол спорт түрі бойынша бақ сынауға келдім. Қазіргі таңда бұл жарысқа 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 мегаполистен, яғни жалпы саны 20 құрама қатысып жатыр. Топтық кезеңдегі ойындарымызды аяқтадық. Жалпы, Түркістан қаласы маған қатты ұнады. Бекерге бұл жерді «Түркі әлемінің астанасы» деп айтпаса керек. Осындай киелі жерде өнер көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын, — дейді атыраулық спортшы Дәурен Тілеков.

Ал Абай облысы баскетбол құрамасының бас бапкері Тоқтар Сүлейменов бұл ірі додаға тұңғыш рет қатысып отырғанын жеткізді.
– Осындай жоғары деңгейде әрі кәсіби түрде ұйымдастырылған турнирде бақ сынау біз үшін үлкен мақтаныш. Командамыз бұл бәсекеде үлкен жетістіктерге жетіп, жүлделі орындардан көрінетініне сенімім кәміл. Барлық қатысушы ұжымдарға сәттілік тілеймін, — деді ол.
Сонымен қатар, Қызылжардан келген футболшы Әділ Иманов Түркістан туралы толғанысын білдірді:
– Біз теріскейден, Петропавл қаласынан келіп, футбол бәсекесінде бақ сынап жатырмыз. Түркістанға жуырда ғана табан тіредік, барлығы өте тамаша ұйымдастырылған. Бізді мұнда өте жылы әрі жоғары деңгейде қарсы алды. Қала маған қатты ұнады, бұл менің Түркістанға алғаш келуім. Турнир аясында осы уақытқа дейін төрт ойын өткізіп, жеті ұпай еншілеп, топтан шығу жолдамасын алдық. Енді ертең финалдық кезеңдегі шешуші матчтарда алаңға шығамыз, — дейді доп додасының қатысушысы.
Қорыта айтсақ, ҚР Халық ойындарына еліміздің барлық өңірлерінен келген командалар қатысуда. Спортшылар баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір көтеру спортынан бақ сынайды. 20 маусымға дейін жалғасатын жарыстың қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталып, жүлделерді сарапқа салатын болады.
Догру Өмер Фарук,
«Түркістан-ақпарат».