
Түркістан облысы Созақ ауданындағы «АППАК» ЖШС өндірістік қызметпен қатар еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына және өңірдің әлеуметтік дамуына басымдық беріп келеді.
Жуырда кәсіпорында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, қатысушылар «Батыс Мыңқұдық» кенішінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын өкілдері өндірістік көрсеткіштер, еңбек қауіпсіздігі, медициналық қызмет, кадр даярлау және әлеуметтік жобалар жөнінде ақпарат берді.

«Батыс Мыңқұдық» кеніші 2007 жылдан бері жұмыс істейді. 2025 жылы мұнда жоспарланған 800 тоннаның орнына 810,7 тонна уран өндіріліп, 805,1 тонна сары кек дайындалған. Ал 2026 жылы 800,1 тонна, 2027 жылы 820,2 тонна уран өндіру жоспарланған.
Кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің денсаулығын қорғауға ерекше мән беріледі. Ауысым алдындағы медициналық тексерулер толық цифрландырылған. Соңғы бес жылда жұмыс орнында денсаулық жағдайының күрт нашарлауынан бірде-бір өлім оқиғасы тіркелмеген. Қауіпті өндіріс қызметкерлері алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы оқытылған.

2026 жылғы 30 маусымдағы мәліметке сәйкес, «АППАК» ЖШС-де 423 адам еңбек етеді. Оның 372-сі «Батыс Мыңқұдық» кенішінде жұмыс істейді. Қызметкерлердің 66 пайыздан астамы Созақ ауданы мен Түркістан облысының тұрғындары. Биылғы алғашқы жартыжылдықта 207-ден астам қызметкер кәсіби біліктілігін арттырған. Сонымен қатар өндірісте бейнеаналитика жүйесі мен «ТОҚТА-карталар» жүйесі енгізіліп, вахталық кенттің инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларға да тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Биыл көпбалалы аналарға, еңбек ардагерлеріне, соғыс және тыл ардагерлеріне көмек көрсетіліп, Балаларды қорғау күніне арналған қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы студенттердің оқуына қолдау көрсетіліп, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жоспарланған.
Баспасөз туры барысында кәсіпорынның өндірістік әлеуетімен қатар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік жауапкершілік және өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстары таныстырылды. Бүгінде «АППАК» ЖШС өндірістік тиімділік пен әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұстанған кәсіпорындардың бірі ретінде жұмысын жалғастырып келеді