

Осыдан 3 ай бұрын, яғни, 14 сәуірде Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сауалдарымызды «е-Өтініш» платформасы арқылы аудан әкімдігіне жолдаған болатынбыз. Көптен күткен жауапты 15 мамыр күні алдық. Бірақ, маңыздысы мерзім емес, мазмұн еді. Өкінішке қарай, жолданған сауалдардың тең жартысы ғана қамтылып, жалпылама мәліметтермен ғана шектелу байқалды. Бәлкім, хатымыз жарты жолдан кері қайтты ма деп әкімнің өзіне де тікелей хабарласқан едік. Қайрат Жолдыбайұлы сұраққа жауап беруде жауапсыздыққа жол берілмейтініне сендірді сол сәтте. Алайда, мәселе әкім айтқандай шешілмеді. Осылайша бүтін бір ауданның аппаратымен қағаз бетінде толыққанды сұхбат жасау мүмкін болмады.
Ордалы Отырардағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын оқырман қауым бағалай жатар. Ал біз аудан әкіміне жолдаған сауалдарымызға әкім орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы ұсынған мәліметтерді қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
— Отырар ауданын табиғи газбен қамту мәселесі бүгінгі таңда қанша пайызды құрап отыр және аудан тұрғындарын толықтай газбен қамту қашан шешіледі?
— Отырар ауданы бойынша жалпы 38 елді мекен бар (халық саны-51640). Оның ішінде: 2025-2028 жылдар аралығында жалпы 34 елді мекенді (халық саны-51426; 99,6%) табиғи газбен қамту жоспарланған. Қалған 4 елді мекен (Ақшоқат-56, Отрабат-25, 37 разъезд -31, Ұзынқұдық-14; жалпы халық саны-214; 0,4%) шалғай орналасқан разъездер. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы аяқталған №17 «Қызылжар» автоматты газ тарату станциясы (қуаттылығы 51483 м3/сағ) мен Шәуілдір елді мекеніне дейін (51 шақырым) тартылған магистралдық газ құбыры арқылы 2021-2025 жылдар аралығында 22 елді мекенде (халық саны-37120, 71,9%) газ құбырын салу құрылыстары жүргізіліп, табиғи газ берілген.
2026 жылы Отырар ауданындағы табиғи газбен қамтылмаған 12 елді мекеннің (халық саны-14443, 27.95%) 11 елді мекенінде (Аққұм, Көксарай, Шеңгелді, Жанкел, Ызакөл, Маяқұм, Қостерек, Бестам, Балтакөл, Ақкөл, Көлқұдық, Самырат) құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы Сырдария елді мекенінің арғы бетінде орналасқан жоғарыда аталған 12 елді мекенге магистралдық газ құбырын тарту жұмыстары басталуда.

— Ауданның аумағында таза ауыз сумен қамту мәселесі қай деңгейде?
— Аудан аумағында 38 елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жер асты су қорын Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан атқарылады.
— Отырар ауданының аумағында Қытай Халық республикасынан келген кәсіпкерлер кең көлемде мақта егуді қолға алды. Қазіргі күнде аталған шетелдік кәсіпкер ауданда қанша гектар жерге егін егуде. Ол аудандағы егістік алқаптың қанша пайызын құрайды?
— Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – ағымдағы жылы 42 мың гектар жерге мақта дақылын егуді жоспарлап отыр. Отырар ауданының жергілікті шаруа қожалықтарының егістік көлемі 28 мың гектарды құрайды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге су беру қызметі құнын субсидиялау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 бұйрығы негізінде жүргізіледі. «Gosagro.kz» электронды порталы арқылы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы төленеді. Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешеніне ағын су жеткізіп беруші мекеме «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы арқылы егістік көлеміне сәйкес, ағын су көлемі беріледі.

— Шіркейге қарсы күресте қандай қадам жасап жатырсыздар және бұл мәселені түбегейлі жоюға немесе ауыртпалығын азайту бойынша кешенді бастамаларыңыз бар ма. Мәселен ғылыми тұжырым жасап, келешекте табиғи қалыптылықты сақтау дегендей?
— 2026 жылы дизинсекция жүргізу және оған ғылыми сүйемелдеу жүргізу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралды.
Шіркейлерді залалсыздандыру жұмыстары — «Авиакомпания «Дельта-ЮГ» ЖШС (келісім шарт 16.03.2026 ж., құны 1 468,0 млн. тг.), ғылыми сүйемелдеу жұмыстары — «Защита-растений» ЖШС (келісім-шарт: 16.03.2026 ж, құны 35,8 млн. тг.). Тапсырысшы меркеме: Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Ағымдағы жылдың басынан бері ғылыми сүйемелдеу жұмыстарына 6 биолог маман, 20 арнайы техника, 12 қайықпен жұмылдырылып, лаборатория жұмыстары жүргізілуде. Жалпы шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстары биологиялық және химиялық тұрғыдан 2 бағытты қамтитын болады. Сырдария өзенінің жалпы қашықтығы 354 шқ. құрайды, биылға дәрілерді құю нүктелерін екі есеге ұлғайтылды. Залалсыздандыру жұмыстарында 14 секторға бөлінген, 45 елді мекенді қамтиды. Бүгінге Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарында 5 кезеңдік биологиялық залалсыздандыру жұмыстары өткізіліп, жалпы 20 322 кг дәрі (Бактидион) құйылды (суспензия 203 220 кг). Шіркейлерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары тұрақты қадағалануда.

— Отырар ауданында Арыстан бап кесенесі, Отырар қалашығынан басқа туристерді қызықтыратын орындар бар ма. Мәселен, ауданға келген турист осында екі-үш күн қонатын болса, танымдық орындардан басқа қайда барады?
— Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалашығынан бөлек, ауданға келетін туристер үшін қызығушылық тудыратын нысандар қатарында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және Сапар орталығы бар. Аталған нысандарда келушілерге арналған көрме залдары, тарихи жәдігерлермен танысуға мүмкіндік беретін экспозициялық бөлмелер және ақпараттық-танымдық алаңдар қарастырылған. Бұл орындар туристерге Отырар өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.
— Сонымен бірге, ауданда қанша қонақ үй бар. Болса туристердің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай қандай жағдайлар жасалған яғни, мұнда қандай санаттағы қонақ үйлер бар?
— Қазіргі таңда, Отырар ауданында жалпы саны 8 қонақ үй халыққа қызмет көрсетуде. Ауданға келуші қонақтар үшін бұл қонақ үйлер барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген, заманауи талаптарға сай қызмет ұсынады. Әсіресе, баға саясаты тұрғындар мен туристердің қалтасына тиімді болып, әртүрлі санаттағы қонақтарға қолжетімділігімен ерекшеленеді.
Қонақ үйлердегі бөлмелер кең, жарық әрі таза. Тазалық талаптары тұрақты түрде сақталып, санитарлық-гигиеналық нормаларға толық сәйкес келеді. Әрбір келушінің жайлы демалысы үшін бөлмелер қажетті жиһаздармен және тұрмыстық құралдармен жабдықталған.
Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қонақтарды қарсы алу, орналастыру және қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету жұмыстары ұқыпты әрі жауапкершілікпен атқарылады. Қонақ үйлердің қолайлы орналасуы да ауданға келген меймандар үшін үлкен артықшылық болып табылады.
Жалпы алғанда, Отырар ауданындағы қонақ үйлер қолжетімді баға, тазалық пен сапалы қызметтің үйлесімін ұсына отырып, келушілерге жайлы әрі жағымды демалыс сыйлайды.
Ердәулет САҒЫНДЫҚ.