ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТҰЛҒА Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мұраны жаңғыртқан қайраткер


Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты еске алу кеші өтті.Ұлттың рухани болмысын, салт-дәстүрі мен тарихи жадын сақтауға ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібеков – халқымыздың мәдени-тарихи санасын жаңғыртуға айрықша еңбек сіңірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның есімі қазақ мәдениетінің қайта түлеп, ұлттық құндылықтардың қоғамдық өмірге қайта оралған кезеңімен тығыз байланысты.
Шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмір жолын таныстыру, оның ұлттық мәдениет пен тарихты зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы еңбектерін дәріптеу, ел тарихына деген құрметті арттыру.
Еске алу кешіне «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері арнайы қатысып, көрнекті қайраткердің өмірі мен шығармашылық-ғылыми мұрасын танытатын мазмұнды көрме ұйымдастырды. Көрме төрінен тарихи-танымдық әдебиеттер, фотосуреттер, архивтік материалдар және Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған еңбектері орын алды. Көрме арқылы шараға қатысушылар қайраткердің сан қырлы қызметімен танысып, оның ұлттық мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі қажырлы еңбегі жөнінде кеңінен мағлұмат алды.
Кештің шымылдығын ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы Әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным Абанқызы және «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Адырбекова Баян Садыққызы ашып, Өзбекәлі Жәнібековтің ел тарихы мен ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегіне тоқталды. Ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртқан қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолына көз жүгіртсек, оның қызметінің өзегінде әрдайым ұлттық мәдениетті сақтау, тарихи сананы жаңғырту, дәстүрді дәріптеу және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру идеясы тұрғанын аңғаруға болады. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасын зерттеп қана қоймай, оны халықтың күнделікті өміріне қайта енгізуге күш салды. Ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүрлердің, қолөнер мен өнердің, тарихи жәдігерлердің қайта жаңғыруына бастамашы болды.Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық және өлкетану музейлері ашылды. Алматы қаласында Ұлттық аспаптар музейінің құрылуына мұрындық болып, халқымыздың дәстүрлі музыкалық мұрасын сақтауға ерекше көңіл бөлді. Тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатында «Арқас» қоғамының құрылуына да ұйытқы болды. Сонымен қатар ұлттық өнердің қайта жандануына ықпал етіп, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» сынды фольклорлық өнер ансамбльдерінің ұйымдастырылуына қолдау көрсетті. Бұл бастамалардың барлығы – бір ғана мақсатқа, яғни ұлттық мәдениеттің жоғалмай, келер ұрпаққа өз болмысымен жетуіне бағытталды.
Өзбекәлі Жәнібековтің есімі халқымыздың ежелгі әрі қасиетті мерекесі – Наурыздың қайта жаңғыруымен де тығыз байланысты.
1920 жылы 20 наурызда Түркістан республикасы Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрық бойынша Наурыз алғаш рет ресми түрде мереке ретінде аталып өткен болатын. Рысқұлов мерекенің діни мазмұнынан гөрі халықтық, көктемгі жаңару мерекесі ретінде кеңінен аталып өтуін қолдады. Алайда 1930-жылдары кеңестік билік Наурызды «ескіліктің сарқыншағы» деп бағалап, ұлттық және дәстүрлі мерекелердің кеңінен насихатталуына шектеу қойды. Нәтижесінде халқымыздың ежелгі мейрамы ондаған жылдар бойы ресми деңгейде атап өтілмеді. 1980-жылдардың соңында Кеңес Одағында қайта құру кезеңі басталып, қоғамдық бастамаларға белгілі бір дәрежеде еркіндік берілді. Осы кезеңде ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту мәселесі де күн тәртібіне шықты. Наурызды қайта жаңғырту бастамасын қолдаған көрнекті тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков болды. Оның ықпалымен 1988 жылы Наурыз мерекесі Алматы қаласында және Алматы облысының Жамбыл ауданында халықтық мереке ретінде қайта аталып өтті.Келесі жылдан бастап Наурыз мерекесі Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен тойлана бастады. Ал 1991 жылы Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен 22 наурыз – «Наурыз мейрамы» деп жарияланды. Бүгінде Наурыз – халқымыздың бірлігі мен берекесін, жаңару мен жасампаздықты білдіретін ұлық мереке. Оның ел өміріне қайта оралуына үлес қосқан азаматтардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше.
Өзбекәлі Жәнібеков үшін музей – жай ғана жәдігер сақтайтын орын емес, ұлттың тарихи жадын сақтайтын рухани мекеме болды. Ол тарихи жәдігерлердің халық үшін маңызын терең түсініп, музейлердің ғылыми-ағартушылық қызметін дамытуға баса назар аударды. Қазақстанның әр өңіріндегі тарихи орындар мен мәдени ескерткіштерді зерттеу, қорғау, қалпына келтіру ісіне атсалысты. Оның бастамалары арқасында көптеген тарихи-мәдени нысандарға жаңа көзқарас қалыптасты. Ұлттық тарихты тек ғылыми ортада ғана емес, көпшілік қауымға, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен таныстырудың маңызы артты. Бұл бағыттағы қызметі бүгінгі таңда да өз жалғасын тауып отыр. Тарихи орындар мен музейлерге деген қызығушылықтың артуы, ұлттық жәдігерлердің дәріптелуі – сол кезеңде жасалған ауқымды еңбектің нәтижесі.
Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың дәстүрлі қолөнерін ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде бағалады. Ол зергерлік, ағаш және сүйек өңдеу, кілем тоқу, киіз басу, ұлттық киім тігу секілді дәстүрлі өнер түрлерінің сақталуына ерекше көңіл бөлді.Оның «Қазақтың ұлттық қол өнері» атты еңбегі осы бағыттағы зерттеулерінің маңыздылығын айқындайды.Ұлттық киімдердің тарихын, ерекшеліктерін зерттеп, қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қайта жаңғыртуға да еңбек сіңірді. Бұл бағыттағы ізденістері «Қазақ киімі» еңбегінде көрініс тапты.Бүгінде ұлттық киімнің сәнге қайта енуі, этнодизайнның дамуы, қолөнер шеберлерінің еңбегінің кеңінен насихатталуы – ұлттық мұраны сақтаудың жаңа формаларының бірі.
Өзбекәлі Жәнібековтің мол мұрасы – тарих, этнография, мәдениет және ұлттық өнер саласындағы құнды зерттеулерден тұрады.Оның қаламынан:
— «Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982);
— «Жаңғырық» (1991);
— «Уақыт керуені» (1992);
— «Жолайрықта» (1996);
— «Қазақ киімі» (1996);
— «Ежелгі Отырар» (1997);
— «Тағдыр тағылымы» (1996, 1-кітап; 1997, 2-кітап) сияқты құнды еңбектер жарық көрді.
Бұл шығармалардан халқымыздың тарихы, мәдениеті, дәстүрі, ұлттық өнері мен тарихи тұлғалары туралы мол мағлұмат алуға болады. Өзбекәлі Жәнібеков еңбектерінің басты құндылығы – ұлттық мұраны тек өткеннің естелігі ретінде емес, бүгінгі ұрпақтың рухани тірегі ретінде қарастыруында. Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық мәдениеттің негізі ана тілімен тікелей байланысты екенін жақсы түсінді. Ана тілін дамытуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және халықтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға белсене қатысты.Ұлттық тіл мен мәдениетті дамытуға арналған мемлекеттік тұжырымдамалық бастамалардың қалыптасуына атсалысуы да оның ел болашағына деген жауапкершілігін көрсетеді. Ол үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, халықтың тарихи жады мен рухани болмысының өзегі еді.
Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы – туған елдің рухани мұрасын сақтауға, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға және оны келер ұрпаққа жеткізуге арналған қажырлы еңбектің жарқын үлгісі.Оның бастамалары арқылы көптеген ұмыт бола бастаған дәстүрлер қайта жаңғырды. Ұлттық аспаптар, халық өнері, қолөнер, тарихи ескерткіштер, музей ісі, Наурыз мерекесі секілді құндылықтар қоғамдық өмірге қайта оралды.Ол ұлттық мәдениеттің дамуына мемлекет деңгейінде ғана емес, халықтың жүрегіне жол табатын нақты істер арқылы ықпал етті.
Еңбегі еленіп, бірнеше мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.
«Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты еске алу кеші барысында қатысушылар Өзбекәлі Жәнібековтің тағылымды өмір жолы мен ел тарихындағы орнына қанығып, оның еңбектерінің бүгінгі қоғам үшін де маңызын саралады.
Кітапхана ұйымдастырған тағылымды шара жас ұрпаққа ұлттық құндылықтардың қадірін түсіндірумен қатар, ел тарихына еңбек сіңірген тұлғаларды ұлықтаудың маңызын көрсетті.
Өзбекәлі Жәнібековтің ғибратты ғұмыры – «Ұлтқа қызмет ету – ұлы мұрат» деген ұстанымның айқын көрінісі. Ол ұлт рухын сөзбен ғана емес, нақты іспен ұлықтады. Өткенді түгендеп, жоғалғанды жаңғыртып, ұмыт болғанды қайта тірілтті. Бүгінгі ұрпақ үшін оның әрбір бастамасы – ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейтін рухани сабақ. Тарихи жады бар халықтың болашағы да баянды. Ал сол тарихи жадты жаңғыртып, ұлттық мұраны ұлықтауға бар ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібековтің есімі қазақ мәдениеті мен тарихында мәңгілік сақталары сөзсіз.Ұлт рухын ұлықтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа жол ашу. Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірі мен өлшеусіз еңбегі – осы ақиқаттың жарқын дәлелі.
Түркістан облыстық
Ы.Алтынсарин атындағы
балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі Абзейтова Бағила Әбдібекқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы