Елді мекендердегі инженерлік-коммуналдық желілердің жай-күйі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік бақылауды және жүйелі шешімдерді қажет етеді. Соның ішінде қақпағы ашық, қараусыз қалған инженерлік құдықтар азаматтардың өмірі мен денсаулығына, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Осыған орай Құрылтай депутаты Нұрсадық Ергешбек ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, қауіпті нысандарды есепке алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты ұйымдардың міндеттерін нақтылау жөнінде бірқатар ұсыныс енгізді.
Депутаттың айтуынша, ашық құдықтар мәселесі жекелеген оқиғалармен шектелмейді, оның артында инфрақұрылымды басқару мен бақылаудағы жүйелі олқылықтар жатыр. БАҚ мониторингінің мәліметтері бойынша, 2026 жылы балалардың ашық құдықтарға құлауының жеті жағдайы тіркелген. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, анықталған ашық люктер саны 2021 жылғы 126-дан 2025 жылы 356-ға дейін өскен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында осы бағытта 276 әкімшілік іс тіркелген. Соған қарамастан, елімізде барлық инженерлік құдықтарды қамтитын бірыңғай цифрлық тізілім қалыптаспаған. Нысандардың меншік иесі мен қауіпсіздігіне жауапты ұйымдарды анықтауда да қиындықтар бар. Бұған қоса, металл қақпақтардың ұрлануы және иесіз қалған құдықтар мәселені одан әрі күрделендіре түсуде. Қолданыстағы қағидалар қауіпті аумақты бір сағат ішінде қоршауды және құдық қақпағын бес сағатқа дейінгі мерзімде ауыстыруды қарастырғанымен, бұл талаптардың орындалуын бақылау мен жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру қажеттігі байқалады.
Осы олқылықтарды жою мақсатында депутат бірыңғай жауапкершілік тәртібін бекітуді, меншік иелері көрсетілген цифрлық тізілім жасауды және қараусыз қалған құдықтарды мамандандырылған ұйымдардың жауапкершілігіне беруді ұсынды. Сонымен қатар қауіпті аумақтарды бір сағат ішінде қоршау, балалар мекемелерінің маңындағы құдық қақпақтарын екі сағат ішінде ауыстыру, қажетті қақпақ қорын қалыптастыру мәселелері көтерілді. Тәуекелі жоғары нысандарды қорғаныс торлары мен датчиктермен жабдықтау, металл қақпақтарды композиттік баламаларға алмастыру, металл сынықтарын қабылдау орындарына бақылауды күшейту де ұсыныстар қатарында. Бұдан бөлек, жарақаттану, ұрлық фактілері мен оларды жою мерзімдері бойынша бірыңғай есеп жүргізіп, өңірлер мен уәкілетті органдар арасында деректер алмасу жүйесін қалыптастыру қажеттігі айтылды. Депутаттың бастамасымен бүкіл ел аумағында қауіпті нысандарды анықтап, тәуекел карталарын әзірлеуге бағытталған «Қауіпсіз құдық» науқанын өткізу ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымның сапасы мен тиімділігін арттыру міндеттерін айқындады. Сондықтан көтерілген мәселені тек коммуналдық саладағы техникалық олқылық ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігіне, мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне және инфрақұрылымды басқару сапасына тікелей қатысты мәселе. Ең бастысы, әрбір құдықтың жағдайы мен оған жауапты ұйым нақты белгілі болуы керек. Қауіптің алдын алу – қайғылы жағдайдың салдарымен күресуден әлдеқайда маңызды.