ТҮРКІСТАН: АҚНИЕТ АУЫЛЫНДА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды көрсеткіші. Осы мақсатта «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері Сарыағаш ауданына қарасты Ақниет ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің өркендеуіне бағытталған басым міндеттер талқыланды.

Кездесуде «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов партияның алдағы бес жылға арналған бағдарламасының негізгі мазмұны мен басымдықтарын таныстырды. Штаб төрағасының айтуынша, бұл құжат өңірдің өзекті мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспары.

– Бағдарламада «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адами әлеует», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан» бағыттары қамтылған. Әсіресе, ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру мәселелеріне басымдық беріледі, – деді Алмас Салимов.
Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар мен сайлауалды штаб мүшелері бағдарламада көзделген міндеттерге жеке-жеке тоқталып, оның негізгі бағыттарын түсіндірді. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік бастамаларға жағдай жасау, өндіріс орындарын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жұмыспен қамту мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар кездесуде жастардың әлеуетін арттыру, сапалы білім мен кәсіби дамуға мүмкіндік жасау, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жоспарлар таныстырылды.
Жалпы, жиында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда жүзеге асыру көзделген экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар міндеттер кеңінен баяндалды. Штаб мүшелері белгіленген мақсаттарға қол жеткізуде халықпен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескерудің маңызын атап өтті.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар ауыл тұрғындарына алғыс білдіріп, алдағы мәслихат сайлауында азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

“Әділет” партиясы Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы