«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Алмас Салимов бастаған штаб мүшелері Мақтаарал ауданындағы «Атакент» емханасының медицина қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының денсаулық сақтау саласына қатысты бағыттары таныстырылып, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында халық денсаулығын сақтау, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының санын көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелеріне басымдық берілді.
Алмас Салимов денсаулық сақтау саласын дамыту – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, медициналық көмектің қолжетімді болуы, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын азаматтардың сапалы қызмет алуына жағдай жасау алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің қатарында.
Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2031 жылға дейін Түркістан облысында 48 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Аталған жоспар аясында Мақтаарал ауданында да бірқатар маңызды құрылыс жобалары жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына дейін Алғабас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жамбыл ауылында медициналық пункт пайдалануға беріледі. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2027 жылы Қалыбеков елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу көзделген. Ал 2028 жылы Қоңырат және Наурыз ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтереді. Бұдан бөлек, Абай елді мекенінде де дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. Жаңа нысандардың іске қосылуы медициналық қызметтің ауыл тұрғындарына жақын әрі қолжетімді болуына ықпал етпек.
Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы құрылыс жұмыстарымен қатар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу шараларын күшейту, тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізу және ерте диагностика мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы міндеттер сөз болды.

Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау, ана өлімінің көрсеткішін төмендету, медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және сала мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де бағдарламада қамтылған.
Атап айтқанда, 2031 жылға дейін кеңейтілген практика бойынша мыңнан астам мейіргер маманын даярлау жоспарланған. Бұл алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, мейіргерлердің кәсіби құзыретін арттыруға жол ашады. Сонымен бірге жыл сайын 25 медицина қызметкеріне әлеуметтік қолдау көрсету көзделген.
«Денсаулық сақтау саласын дамыту тек жаңа медициналық нысандар салумен шектелмейді. Ең алдымен, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, білікті мамандармен қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты бағдарламада ана өлімін төмендету, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру, медицина қызметкерлерін қолдау және медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейін азайту міндеттері белгіленген. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың денсаулығын қорғауға және медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған», – деді Алмас Салимов.
Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың ғимараттарын жаңғырту, жұмыс жағдайын жақсарту және сала мамандарының кәсіби дамуына қажетті мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Өйткені сапалы медициналық қызмет көрсету үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар, білікті әрі тәжірибелі мамандардың болуы аса маңызды.
Кездесу барысында «Атакент» емханасының қызметкерлері денсаулық сақтау саласында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Медицина мамандары ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі, кадрлық әлеуетті арттыру және әлеуметтік қолдау тетіктері жөніндегі ойларымен бөлісті.
Өз кезегінде штаб мүшелері медицина қызметкерлерінің қоғам өміріндегі айрықша рөлін атап өтіп, олардың еңбегі мен кәсіби тәжірибесі денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлердің сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді іске асыру барысында ескерілуі қажеттігі айтылды.
Жалпы, Мақтаарал ауданында жоспарланған медициналық нысандардың құрылысы, мамандарды даярлау және медицина қызметкерлерін қолдау шаралары ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл бастамалар өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, халықтың өмір сапасын арттыруға негіз болмақ.