САУРАН: МЕЙІРІМДІ МЕДБИКЕ


Денсаулық-адам үшін баға жетпес байлық. Кез-келген елдің ең басты байлығы-халықтың денсаулығы. Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісі –медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашасысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Қазіргі денсаулық саласындағы маңызды мәселелердің бірі ретінде жоғары білікті медбике мамандарын дайындау екенін айтуға болады. Ол маманға медициналық білім мен біліктіліктен бөлек, ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік мен мобильділік қажет етіледі.
Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Қазіргі уақытта медбикелердің ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру.
Дегенмен денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дәрігерлерді әрдайым дәріптеуіміз керек.
Дәрігерлер денсаулық дәнекері. Адам өмірінің арашашысы, өз мамандығын сүйіп, медицина саласында 40 жыл еңбек еткен, ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, таңдаған мамандығының білгірі Пазлақова Ровза апаймен кездесіп қайттық. Апамыз 1950 жылы Қосқорған ауылында дүниеге келген. Мектепті жақсы бағамен бітіріп Түркістан медицина колледжіне оқуға түскен.
Оқуын бітіріп 1968-1978 жылдары Түркістан қалалық емханасында старший медсестра болып жұмыс атқарған. Отбасы қуруына байланысты 1978-2008 жылдары ауылда фельдшер болып жұмыс атқарып, екі ұл, екі қыз, тәрбиелеп өсірді.
Ақ халатты алтын қолды дәрігер апамызға, ауылымыздың бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігін білеміз. 40 жыл өмірін адам денсаулығына арнаған апамыз адал еңбектері еленіп, дипломмен, құрмет қағаздарымен марапатталған.
Қазіргі кезде ұл-қыздары, келін немерелері арасында құрметке бөленіп, қалған өмірін солармен бірге өткізуде.
Олар бейбіт күннің батырлары. Адамзаттың адамдығына, жұмыр жердің тұтастығына орасан қауіп төндіріп тұрған індетті ғалымдардың дәрігерлердің күшімен ғана жеңе аламыз. Медицина саласының мамандары қандай мәртебеге, марапатқа болсын әбден лайық. Соған сәйкес құрмет көрсету-әрбіріміздің азаматтық борышымыз.
Хаетхан МАЖИТОВА,
Қосқорған кітапханасының кітапханашысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы