Елімізде маусым айының әр үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіледі. Осы орайда Жаңа Иқан ауылдық кітапханасында «Медбике- мерейлі мамандық» деген тақырыпта зейнеткер медбике Абад Абдуллаевамен кездесу кеші өтті.
Кешке ЖРО қызметкері Т.Байжанов, жас мамандар К.Абдимавланова, М.Дадашова. мектеп кітапханашысы З.Ахметова және оқырмандар қатысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен елді мекендердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуде әлеуетті мүмкіндігі мол мамандық – медбике мамандығы. Осындай мерейлі мамандықта 40жылдан астам уақыт қызмет жасап ел алғысын алған кісінің бірі Абад апа Абдуллаева. Абад апа 1943 жылы Ескі Иқан ауылында туған. Әкесі білімді кісі болғандықтан қызының білім алып елге қызмет жасауын қалап 1960 жылы Ташкент қаласындағы Медицина техникумына оқуға түсіреді. 1963 жылдан өз еңбек жолын Жаңа Иқан ауылындағы Мед пункттен бастаған Абад анамыз зейнеткерлікке шыққанша сол ортада жұмыс атқарған.
Ол «Мен ауылға келгенімде ауылда кішкене ғана бөлімше болып онда Маруся деген әйел жұмыс атқарады екен содан екеу болдық. Ол кезде дәрігерде, акушерде, медбикеде екеуміз едік. Біз түн күн демей шақырған жерге баратынбыз трактор ма, мотоцикл ма немесе арба ма оның айырмашылығы жоқ. Менің алғашқы кіндік шеше болған қызым бүгінде ауылымызда медбике болып қызмет жасап жүр. Әрбір мамандықтың қиыншылығы болады, бірақ шың көңілмен, ықыласпен іске кіріссең бәрін жеңесің», — деп жастарға кеңес берді. Оқырмандар А.Азизханова, Ф.Закиржанова, А.Акажанов т.б. өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. ЖРО қызметкері Т.Байжанов апаға ауыл әкімінің алғыс хатын тапсырды. Кітапханашы И.Шахайдарова кітапхананың барлық оқырмандары атынан Абад апаны құттықтап сыйлық тапсырды.
Инабат ШАХАЙДАРОВА,
Жаңа Иқан ауылдық кітапханасының кітапханашысы.