ТҮРКІСТАН: СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КҮНІНЕ ДЕЙІН САПТАН ШЫҚПАҒАН


Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең ірі әрі қасіретті соғыстардың бірі болды. 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германияның Кеңес Одағына басып кіруімен басталған бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмап, мыңдаған қала мен ауылдарды қиратты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің тең жартысы – 600 мыңдайы соғыстан оралмаған.
Соғыс және еңбек ардагері Салыбай Садықов 1910 жылы 15 шілдеде Өзбек КСР-інің Ташкент облысы, Орджоникидзе (қазіргі Қыбрай) ауданы, Танағұл ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде жеті сыныптық білім алып, кейінірек агроном мамандығына оқуға түседі.
1939 жылы 15 ақпанда Ташкент облысының Орджоникидзе аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, 1946 жылдың 22 мамырына дейін әскери борышын өтеген. Алғашында, 1939 жылы 162-атқыштар полкінде қызмет атқарса, 1943 жылдың 20 ақпанына дейін атқыштар сапында болады. 1943 жылдың сәуір айынан бастап 10- атқыштар полкінің танкке қарсы батареясында 45 миллиметрлі зеңбіректің оқтаушысы қызметіне ауыстырылған. Сержант әскери шенін алады.
1939 жылы карел-фин соғысына, одан соң Сталинград және Курск шайқастарына, 1945 жылы жапон милитаристеріне қарсы Қиыр Шығыстағы әскери қақтығыстарға қатысады. Отан қорғау жолындағы ерліктері үшін Салыбай ата «Кеңестік Заполярья қорғанысы үшін», «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков атындағы медальдармен және II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Соғыстан кейін, 1947-1952 жылдары өзі туып-өскен Қыбрай ауданында халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. 1953 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жданов кеңшарының Ақжар ауылында 1975 жылға дейін абыроймен еңбек етті.
1954 жылы Қожагелдиева Шекер анамызбен отау құрып, 4 перзент сүйді. Балаларына өнегелі тәрбие беріп, әрқайсысын елге қызмет ететін азамат етіп өсірді. 1973 жылы зейнеткерлікке шығып, көп жылғы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Салыбай ата ауыл жастарына үлгі болып, елдің бірлігі мен татулығын сақтауға зор үлес қосты.
– Әкеміз әділ, шыншыл, адалдықты құрметтейтін қасиеттерімен ауылдастарының құрметіне бөленді. Екі дәуірдің куәгері болған әкеміз Салыбай Садықов Тәуелсіз Қазақ-станның 15 жылын бізбен бірге өткізді. Ата-баба армандаған тәуелсіздікті көзбен көріп, қуанды. Жаңа заманның батагөй қариясы атанып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың жандануына өз үлесін қосты. Нарық әлеміне қадам басқан жастарға рухани қолдау көрсетті. 2006 жылы 20 маусымда 96 жасында қайтыс болды, – дейді ұлы Әріпхан Садықов.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл – 80 жыл. Жылдар жылжып, ұрпақ жаңарып жатса да, сол бір қасіретті жылдар халық жадынан ешқашан өшпейді. Қан майданда от пен оқтың ортасында жүріп, бүгінгі бейбіт күнге жеткізген қайратты, қайсар жандардың қайталанбас ерліктері кейінгі буынға үлгі-өнеге болып қала берері ақиқат. Бүгінгі жас ұрпақ кешегі қиян-кескі соғыста жан берген, қан төккен аталардың ерлігін қастерлей білуі керек. Ол үшін Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангерлерге лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Сондай асыл ерлердің бірі – жас өмірінің жеті жылын майданда өткізген жерлесіміз Салыбай Садықов болатын. Майдангерге облыс орталығынан, өзі туып-өскен ауданнан бір көшенің аты берілсе, ол бүгінгі ұрпақ үшін орындалған парыз болып шығар еді.
Б.ДӘРІҚОЖА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы