
Өткен жұмада руханият пен өнердің ордасы Түркістан төрінде тағы бір айшықты кештің куәсі болдық. Бұл жолы елге еңбегімен танылған, сөз қадірін терең ұғынған қаламгер, ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайдың 50 жас мерейтойына арналған «Қаламға қонған құт» атты шығармашылық кеш көптің көңілін тербетті.
33 жылдан бері журналистика саласына, соның ішінде Түркістан өңіріндегі мәдениеттің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан қарымды қаламгер Ғалымжан Қамытбекұлы «Төлеби туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты беделді басылымдарда қызмет атқарғаны барша оқырман қауымға белгілі. Елеулі еңбегімен ел алғысына бөленген ол қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгінің иегері, «Төлеби ауданының құрметті азаматы», Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының өңірлік амбассадоры және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы деген абыройлы атақтары бар.
Сонымен, елудің есігінен аттаған ерді туған елі ерекше құрметпен қарсы алып, лайықты қошемет көрсеткенін ине шаншар орын табылмас лық толы залдан аңғару қиын емес. Ол туралы кеш иесі алғы сөзінде: «Мұнда әдеттегідей сүйреп әкелгендей студенттермен залды толтыру мақсатында емес, өлеңге, өнерге құрметпен қарайтын жанашыр жандар жиналып отыр. Алтын уақыттарыңызды қиып келгендеріңізге алғыс білдіремін» деген еді. Сөз бен саз төрге озған кештің салтанатты жиынын ашқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те ел руханиятына сіңірген еңбегі үшін мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін арнады.
Сонымен, елудің есігінен аттаған ерді туған елі ерекше құрметпен қарсы алып, лайықты қошемет көрсеткенін ине шаншар орын табылмас лық толы залдан аңғару қиын емес. Ол туралы кеш иесі алғы сөзінде: «Мұнда әдеттегідей сүйреп әкелгендей студенттермен залды толтыру мақсатында емес, өлеңге, өнерге құрметпен қарайтын жанашыр жандар жиналып отыр. Алтын уақыттарыңызды қиып келгендеріңізге алғыс білдіремін» деген еді. Сөз бен саз төрге озған кештің салтанатты жиынын ашқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те ел руханиятына сіңірген еңбегі үшін мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін арнады.
Бұдан бөлек ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жолдаған арнайы құттықтау хаттар қаламгерге берілген үлкен баға екені айтпаса да түсінікті. Кешті көркем жүргізген қаламгердің айырылмас достары, елге танымал талантты журналистер Досымбек Қонысбек пен Оралхан Дәуіт те өз кезегінде әсерлі естеліктерді баяндап, «еркін микрофон» айдары арқылы көрерменге жаңа леп сыйлады. Сондай-ақ, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, Сыр елінің сүлейі Мұхтар Ниязов пен айтыстың арыстаны атанған Ғалымжан Елшібайдың облыстық мәслихаттағы әріптес досы Бекарыс Шойбековтің арасындағы айтыс та жарасымды, рухани нәр іздеген жұртшылық үшін нағыз іздегенге сұраған дүние болды.
Орайы келгенде айта кетерлігі, сейсенбі күні осы кештің өтуіне атсалысқан және барша тілектес жандарға алғысын айтып, әлеумет-тік желіде жазба жариялады Ғалым-жан ағамыз. Содан үзінді келтірсек:
«Жалпы 50 жасқа толуыма байланысты шығармашылық кеш өткізуге келгенде біраз уақыт ойланып-толғанғанымды жасырмаймын.
Алла берген осы елу жастың отыз жылдан астамын журналистика саласына арнап келемін. Осы кәсіптің ыстығын да, суығын да бір кісідей көрдік десем, мұнымен көзі ашық, санасы ояу мәртебелі оқырмандарым келісетін шығар. Шығармашылық жолымдағы алғашқы мектебім –Төле би аудандық «Төлеби туы» газетінің табалдырығын имене аттаған кезде 18 жастағы бозбала едім. Сол сәттен бастап журналистика – менің тағдырлы жолыма, жанымның серігіне айналды. Одан қалалық «Шымкент келбеті», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде қаламым қайралды, шығармашылығым шыңдалды. Бақандай 15 жыл уақытымды «Жас Алаш» газетінде өткізу, сол жылдарда айдарынан жел есіп айбарынан арыстан ыққан басылымның Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі жауапкершілігін арқалау өмірімнің ең естен кетпес ерекше кезеңіне айналды. Бұл жастық шақтың нағыз от-жалын атқан кездері еді. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде де абыроймен қызмет атқарып, оңтүстік өңірдегі өкілі болдым. Бүгінде кейінгі сегіз жылдан бері қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп келемін. Бұл – мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Менің маңдайыма еліміздің ең байырғы, ең беделді, қазақ руханиятының ұстыны саналатын, берісі 35, ортасы 91, арысы 106 жыл, яғни ғасырдан астам тарихы бар қара шаңырақ басылымдарда еңбек ету бақыты бұйырды. Сол үшін де тағдырыма тәубе деймін»,- деп елу жыл ішіндегі бағындырған белестеріне шолу жасап, «есепті» кешін ұйымдастырудағы мақсатын жеткізді.