
Кеш аясында рухани астана аспаны шынайы сезім мен ізгі тілекке толды. Мәдениет майталмандары, ақын-жазушылар мен журналистер, өнер қайраткерлері, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері түгел жиналып, шығармашылық кеш иесіне деген ыстық ықыластарын білдірді. Атап айтсақ, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, академик, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ерлан Жүніс, «Zan Media» холдингінің бас директоры Досымбек Қонысбек және Ғалымжан Елшібаймен «Жас Алашта» бірге қызмет еткен, әйгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке алғашқылардың бірі болып сөз алды. Сонымен қатар, Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Жамбыл, Қызылорда облыстарынан арнайы келген қаламгерлер кештің мазмұнын байытса, Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов ҚР Журналистер одағының арнайы құттықтауын табыстады. Құрметті қонақтардан соң алдыңғы буын ағалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нармахан Бегалыұлы, Бекет Тұрғараев, Түркістандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов ақ тілектерін арнап, ағынан жарылды. Ізетті ағаның ізінен ерген талантты ақындар Айдар Сейдазым, Мұқағали Кенжетайұлы, Табиғат Абаилдаев, Дәурен Тілеухан және Сезім Мергенбай Ғалымжан Елшібайға арнап ерекше толқынысты жыр жолдарын жұртшылық алдында тебірене оқыды.
Кеш соңында Серікбай Ибадуллаев ел алдында кеш иесіне ауыздығымен алысқан тұлпар тарту етіп, бата берді. Осылайша, 3 сағатқа созылған кеште самаладай нұр шашқан сәулелі сәттер көп болды. Айта кетерлігі, бұл мерейтой бір адамның ғана емес, тұтас қалам иелеріне деген құрметтің көрінісі болды. Сөздің қадірін сезінген, ел руханиятына еселі үлес қосқан тұлғаға арналған бұл кеш Түркістан тарихында мәңгілікке жазылар рухани мереке болып қалды. Осы кеште аяулы ағаға інілік ілтипатымызды білдіріп, біз де арнау өлең оқыған едік. Аға жайлы аз-кем сөзіміздің соңын сахна төрінде оқылған сол өлеңмен қорытындылағанды жөн көріп отырмыз, мәртебелі оқырман!
Жүйріктей топырақты тарпып өткен,
Жарқ етіп көрінетін қарсы беттен,
Елудің есігінен енген аға,
Еліне ертеден-ақ даңқы жеткен!
Ілгері басқан кезде ісіңді ерен,
Күншілдер бар да шығар түсінбеген.
Жыр тілін жарты ғасыр жолдас етіп,
Жыртығын сұлу сөзбен бүтіндеген!
Жүректе мен білмеймін, көп пе жара?
Өзекке құйылса да өкпе-нала,
«Мөр батқан жамбасына мықтылардың»
Маңдайын мақаламен шерткен Аға!
Шыңғырған шындық иісі бұрқыраған,
Сыйғанда сөз ішіне ілкі ғалам.
Әлі де сағынта ма сері жылдар,
Өлеңге жан-тәнімен ынтық адам?!
Тұрғанда жасын ойнап,
бұлттап аспан,
Жылтырақ жалғандықты құптамастан.
Қасқайып, қарсы қарап жүрдің бе екен,
Ездерге — ызғырықта ыққа қашқан?!
Еншілеп алтын жазу, күміс қалам,
Тұлғасын текті ер едің тік ұстаған.
Жанынан жаман ниет жылыстаған,
Жақсының бәрі жақын,
туыс саған!
Мен келдім — жиырма беске,
Сен — елуге!..
«Аға» деп ақтарылдым өлеңімде.
Жаза бер жүзге дейін, жайсаң аға,
Қаламнан артық қару жоқ өмірде!
Дәурен ТІЛЕУХАН.