
Бүгінгі таңдағы жауапкершіліктің өзегі — ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы, түркі елінің шаңырағында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» дей келе, әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екендігін, әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өтті. Олай болса әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту үшін бағыт-бағдарымыз неден, қайдан, қалай басталуы керек деген сұрақтардың туындауы әбден мүмкін.
«Ұлттының ұлттық құндылығынан жұрдай рухта тәрбиеленген жастардан, ұлтының мүддесін, жоғын жоқтайтын қоғамға пайдалы азамат қалыптаспайды» деген Мұстафа Шоқайдың қанатты сөзі жоғарыдағы қойылған сұрақтың жауабы дер едім. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген зары – бүгінгі біздің заманымызға да сабақ. Жаңашылдыққа ұмтылғанымыз дұрыс, бірақ соның жолында құндылықтарымыздан айырылып қалсақ, ұрпағымыз тамырынан ажырап, тек сыртқы көрініспен шектелген қауымға айналуы мүмкін. Шәкәрім де «Ар ілімі» арқылы адамға рухани бағдар берді. Ол ар-ожданды жоғалтқан жұрт қанша дамығанымен, нағыз мәдениетті бола алмайды деген болатын. Бұл – біздің бүгінгі жағдайымызға айна. Қоғамдық дамудың бағыты қанша өзгерсе де, адамдықтың негізі – ар. Мәшһүр Жүсіп «Жақсы адам – қоғамның шамшырағы» деп бекер айтпаған. Шынайы мәдениет – биік ғимараттар мен жаңа технологияларда емес, адамның жүрегіндегі мейірімде, қоғамдағы әділдікте, кісілердің бір-біріне деген құрметінде. Яссауи бабамыз «Діл тазалығы болмаса, ілімнің пайдасы жоқ» деді. Бүгінгі күні ғылым мен технология қарыштап дамып жатыр. Бірақ жүрек пен рухани болмыс тазалығынан айырылсақ, ол даму тек сыртқы жылтырақ болып қана қалады. Алаш арыстарының аңсағаны – азаттықпен бірге ұлттық болмыстың сақталуы еді. Олардың сөзімен айтсақ, «Біздің мәдениетіміздің ең биігі – өзіміздің рухани болмысымыз».
Сондықтан шынайы жаңалық – жаңа атау табу немесе өзгеше форма ойлап шығару емес. Шынайы жаңалық – бабаларымыздың кемел мәдениетін XXI ғасырдың тіршілігіне лайықтап қайтадан жаңғырту. Егер біз ата дәстүрдің мәйегін сақтай отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізе алсақ – бұл нағыз үлкен жаңалық болады. Олай болса, мәдениет – тек өткеннің естелігі емес, болашаққа қалдырар аманат. Біз ата-бабамыздың қалыптастырған кемел мәдениетінің болмысын сақтап қалсақ – осының өзі ең ұлы жаңалық. Өйткені сыртқы өзгерістердің ғұмыры қысқа, ал рухани құндылықтың ғұмыры мәңгілік. Біздің ата-бабаларымыз ұлтының ұлттық құндылықтарын салт-дәстүрлері арқылы, өнегесін әдет-ғұрыптары арқылы, ал тәрбиесін ырым-тыйым арқылы ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеген.
Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері — халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. Оның ерекшеліктері тұрақтылығында, өміршеңділігінде және оның негізгі ислам дінімен сабақтасып жатқанында.
Қазақ «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Бірақ сол бесіктің материалы – тәрбие беруші, яғни біз өзіміз. Баланың бойына ізгілікті сіңіретін де, мінезін түзейтін де, болмысын қалыптастыратын да – ата-ана, ұстаз, ортасы, аға буын. Сондықтан тәрбиенің ең алғашқы баспалдағы өзімізден басталуы тиіс.
Бүгінгі қоғамда мүмкіндіктер көп: ғылым бар, білім бар, материалдық игілік бар. Бірақ ұрпаққа ең керегі – солардың бәрін баянды ететін рухани байлық, ар мен ұят, мейірім мен ізгілік. Егер осы құндылықтарды жоғалтып алсақ, дамудың да, жаңалықтың да қадірі қалмайды. Ұлтымыздың мәңгілік болашағы – бабаларымыздың өсиетін, бойларындағы киелі қасиеттерін күнделікті өмірдің әдебі мен әдетіне айналдыра білуде.
Әрбір ой – тек ұран емес, нақты орындалу тетіктерімен бекітілсе ғана өміршең болады. Тәрбие жайлы айтқанда да, «қалай жүзеге асырамыз, оны бала мен жас жүрекке қалай сіңіреміз?» деген сұрақ басты назарда тұруы керек.
Жанұя – алғашқы мектеп.
Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі.
Әр ата-ана өз баласына ең әуелі үлгі болуы тиіс. Отбасында кітап оқу мәдениеті, үлкенге құрмет, кішіге ізет дәстүрін қайта жаңғырту қажет. Ұлттық мерекелерді отбасылық деңгейде атап өту (Наурыз, Құрбан айт, Тәуелсіздік күні) керек.
Ұсыныс: Жергілікті деңгейде «Үлгілі отбасы» жобасын тұрақты өткізу, жас ата-аналарға «тәрбие мектебі» курстарын ұйымдастыру.
Балабақша – мейірім мен тіл бесігі.
Балабақшадағы тәрбие – баланың тілін, мінезін, алғашқы көзқарасын қалыптастырады. Баланың ана тілінде сөйлеуін басты талап ету. Қазақ ертегілері, ұлттық ойындар, бесік жыры мен халық әндерін күнделікті қолданысқа енгізу.
Ұсыныс: Әр балабақшада «Ұлттық мұра апталығы» өткізіліп, балалар ұлттық салт-дәстүрге ойын арқылы баулынсын.