ТҮРКІСТАН: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АДАЛ АЗАМАТТАР ҚҰРАДЫ — 2


Мектеп – адамдық іргетасы.
Мектеп – біліммен қатар мінез қалыптастыратын орта.
Оқушы бойына әділдік, еңбексүйгіштік, мейірімділік қасиеттерін сіңіру. Абай, Шәкәрім, Мағжан мұраларын жүйелі оқыту.
Ұсыныс: Әр мектепте «Ұлт ұстаздары» бұрышы ашылып, ай сайын әдеби-танымдық кештер өткізілуі тиіс.
Колледж – мамандық пен мәдениеттің ұштасуы.
Жасөспірімдер мамандық алумен қатар, азаматтық жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Тек кәсіби білім емес, мәдени-эстетикалық тәрбие де берілуі қажет.
Ұсыныс: Колледждерде «Еңбек – елге қызмет» атты айлық акциялар ұйымдастыру.
Жоғары оқу орындары – ғылым мен ізгіліктің ордасы
Университет – тек білім емес, елдің ертеңін ойлайтын тұлғалар ордасы. Жастарды ғылыммен айналысуға, ұлттық идеяны зерттеуге ынталандыру, академиялық еркіндікпен бірге ұлттық жауапкершілікті арттыру қажет.
Ұсыныс: Университеттерде «Ұлттық құндылықтар мен жаңа технология» атты тұрақты ғылыми клубтар ашу.
Жастар ортасы – көшбасшылық мектебі.
Жастарды тек ойын-сауық емес, қоғамдық іске жұмылдыру, волонтерлік, қайырымдылық мәдениетін дамытуға күш салу керек.
Ұсыныс: «Жастар – ел үміті» атты аймақтық жобаларды тұрақты жолға қою, әр қалада «Жастар аллеясы» немесе «Ізгілік клубы» ашу.
Аға буын – тәлім мен тағылым иелері.
Ардагерлер, ақсақалдар – елдіктің айнасы.
Жас ұрпаққа өткеннің өнегесін, өмірлік тәжірибесін жеткізу, аға буын өкілдерін мектептерге, жастар ортасына жиі шақыру керек.
Ұсыныс: «Ақсақалдар кеңесі» арқылы әр өңірде жастармен ай сайын ашық кездесу өткізу.
Ұлттық болашағымызды ойласақ, тәрбиені кешенді түрде қарастыруымыз қажет. Тәрбие – бір күндік емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік құндылық. Әр буын өз үлесін қоспайынша, ел болашағы кемел болмайды.
Бүгіннен бастап отбасыдан бастап ақсақалға дейінгі әрбір сатыда ұлттық тәрбие жүйелі жүргізілсе – ұрпағымыздың болашағы жарқын, еліміздің іргесі берік болмақ. Ұрпаққа жауапкершілікпен қарайтын уақыт жетті.
Бүгінгі ұрпақ — ұлттың ертеңгі айнасы. Сондықтан да ел болашағының берік іргетасы — сапалы, ұлттық болмысты бойына сіңірген тәрбиеден басталады. Ұрпақ тәрбиесі — жай ғана жеке отбасының ісі емес, тұтас қоғам болып жұмыла атқаратын жауапкершілігі мол ұлттық міндет. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолға алынған 2023 жылғы ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» — уақыт талабына сай, өте маңызды құжат.
Бағдарламада туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі төрт түрлі жас кезеңіне (0–6 жас, 6–10 жас, 11–15 жас, 15–18 жас) сай тәрбиелік мазмұн, бағыттар, құндылықтар жүйесі, тәрбие тұғыры мен мақсаттары нақтыланған. Сонымен қатар оның жүзеге асу тетіктері мен нәтижесін бағалайтын индикаторлары да көрсетілген. Алайда осы бағдарламаның өңірлерде, нақтырақ айтсақ, балабақшалар мен мектептерде іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқандығы бізді толғандырмай қоймайды. Бұл ретте қоғамның саналы мүшесі, аға буын өкілі ретінде мынадай өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салуды жөн көріп отырмыз:
Тәрбиенің бастауы – балабақша: Не істеліп жатыр, не істеу керек?
1. Балабақшаларда қолданылып жатқан тәрбие бағдарламаларының мазмұны мен әдістемелік негіздерін сараптау керек. Әр мекеме өз бетінше түзген бағдарламалардың сапасы қандай? Олар «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» сәйкес келе ме?
2. Барлық балабақшалардағы тәрбие мазмұнын салыстырып, олардың ең үздік тәсілдерін жүйелеп, ортақ әдістеме ұсынған жөн.
3. Балабақшалардың тәрбие нәтижелеріне кешенді талдау жасап, оның нақты нәтижесін өлшейтін құралдар қажет.
4. Бұл жұмысты кім үйлестіріп отыр? Қандай кеңестер, қолдаулар беріліп жатыр? Жергілікті білім бөлімдері, әдістемелік кабинеттер, республикалық педагогикалық орталықтар тарапынан жүйелі мониторинг бар ма?
5. «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» 0–6 жасқа арналған бөлімі толыққанды емес. Баланың сана-сезімі мен тұлғалық негізі осы кезеңде қаланатынын ескерсек, бұл бөлімді тереңірек және ғылыми негізде қайта қарау қажет.
6. Ақсақалдар алқасы ретінде біз балабақшаларға барып, бақылау емес – көмек ниетімен атсалысуымыз керек. Үлкен өмір тәжірибеміз бен ұлттық болмысқа негізделген өнегемізді ортаға салуға дайынбыз.
7. Балабақша мен медреселердің тәрбие әдістерін салыстыра отырып, екіжақты тиімді ұсыныстар жасау – уақыт талабы.
8. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату, бір бағытта тәрбие жүргізу – баланың ішкі үйлесімділігін қамтамасыз етеді.
Бір мысал, балабақшадағы бір бала жүрек бейнесін салып, ортасына есік бейнесін салған екен. «Неге есік салдың?» деген тәрбиешісіне бала: «Ол есіктен Алла кіреді» деп жауап беріпті. «Ал тұтқасы қайда?» дегенде, бала: «Ол сыртында емес, ішінде. Біз іштен ашуымыз керек» деп жауап беріпті. Кішкентай жүректен шыққан бұл сөз — тұтас қоғамға ой саларлық хикмет. Осындай кіршіксіз сенімді, рухани тазалықты сақтай білу — бүгінгі ересектердің парызы емес пе?
Мектептегі тәрбие: Жоспар бар, нәтиже қандай?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы