ТҮРКІСТАН: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АДАЛ АЗАМАТТАР ҚҰРАДЫ — 3


9. Мектеп мұғалімдерінің түзген тәрбие жоспарларына сараптама жасап, олардың мазмұны мен нәтижелілігіне баға беретін орталықтандырылған мониторинг қажет.
10. Тәрбие сағатын өткізетін ұстаздардың рухани, адами, ұлттық болмысы – ең басты талап болуы тиіс. Себебі, өз бойында жоқты балаға үйрету мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Алдымен өзіңді таны, содан кейін Алланы танисың» деген. Тәрбиеші алдымен тұлға болуы шарт.
11. Ұлттық рухты сіңіру үшін әр ұстаз қазақ тарихын, әдебиетін, дінін, ділін, тілін, ұлы тұлғаларын біліп, өз болмысымен үлгі бола білуі тиіс.
Жастар ортасы мен ата-ананың рөлі
12. Жастардың күнделікті өмір сүру ортасын зерттеп, оған талдау жасап, пайдалы ұсыныстар беру – бұл да тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі.
13. Кейбір ата-аналардың тәрбиелік мәдениетін көтеру үшін арнайы семинарлар, курстар, кеңестер қажет. Өйткені бала бірінші кезекте ата-анасының бейнесін қайталайды.
14. Аға буынның өнегесі – ұрпаққа бағыт берер рухани шамшырақ. Аға буын бүгінгі ұрпаққа қарап: «Біз қандай ізі қалатын ұрпақпыз?» деген сұраққа жауап іздеуі қажет.
Тәрбие — ұлттық құндылықты сіңіру тетігі
15. Ұлттық құндылықтарды қасиет ретінде қабылдап, оны ұрпақ бойына сіңіру – бүкіл қоғамның міндеті. Бұл бағыттағы негізгі мақсаттар мен міндеттеріміз төмендегідей:
Ұлы билердің өмірі мен еңбегін насихаттау. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидей тұлғалар елдің болашағы үшін қандай еңбек еткенін жас ұрпақ білуі керек. Тарихи тұлғалар арқылы рухты тәрбиелеу. Ұлылардың жолын ұлықтау – болмысты бекемдейді.
Имандылық пен адамгершілікті дамыту. Жүрекке иман, ойға ізгілік орнасын. Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын негізге ала отырып, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын ұрпақ тәрбиелеу.
Тәрбиені балабақшадан бастау. Саналы ұрпақ ерте жастан қалыптасады.
Тілге, дінге, ділге деген құрметті арттыру. Ұлттық болмысқа сүйіспеншілік – елдің аманаты. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – ата-баба өсиетінің орындалуы.
Ұлттық құндылықтар — бұл ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани,мәдени,тарихи және адамгершілік байлығы,яғни ұлттың бет-бейнесін,болмысы мен бірегейлігін анықтайтын қасиеттер жиынтығы.
Әрбір бастаманың мақсаты болады. Бұл бастаманың мақсаты — ұлттық құндылықтарды жастардың санасына тек сыртқы формада емес, пәлсафалық тұрғыда сіңіру болуы керек, ал ол-ұлттың болашағын айқындайтын шешуші қадам болмақ. Бүгінгі ұрпақ ата-бабадан аманат болып жеткен рухани қазынаны жай ғана қабылдап қоймай, оның мәні мен мазмұнын терең ұғып, зерделеп, түйіндеп, саналы түрде өміріне бағыт-бағдар ете алатын деңгейге көтерілуі тиіс. Сонда ғана рухани бай, мұхиттай терең ойлы, асқар таудай биік рухты, болмысы кемелденген тұлға қалыптасады. Бұл біздің бүгінгі күндегі басты мақсаттарымыздың бірі болуы керек. Міне, осылар бабалар аманатына адал, ұлтын бақытты болашаққа жеткізетін, қазіргі кезеңнің көшбасшылыры болмақ. Бұл мақсат — бір ғана ұйымның немесе мекеменің емес, әрбір ұлтым деген азаматтың жүрегіндегі парыз. Өйткені ұлттың болашағы-оның тек материалдық байлығында емес,рухани биіктігі мен дүниетанымының тереңдігінде,яғни кемелдігінде.
Ұрпақ ұлттық құндылықты терең қабылдаса — ел іргесі берік, болашағы жарқын болады.
Қыдырәлі РЫСБЕКОВ,
Түркістан облысы ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы