
Халық үніне құлақ түріп, елмен етене болу – бүгінгі билікке қойылар басты талап. Осы ұстанымды басшылыққа алған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жуырда шаһар аумағындағы алты секторда тұрғындармен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерге құлақ түрді. Бұл кездесудің жалпы барысы мен негізгі бағыттарына шолу жасап, әрбір секторда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды алдағы нөмірлерде кеңінен тарқататынымызды айтқан едік. Ендеше, әр секторда қозғалған мәселелер мен қолға алынған жұмыстардың жай-жапсарына тереңірек үңілейік.
БІРЛІК СЕКТОРЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Әкімнің Бірлік секторындағы тұрғындармен кездесуі келешекке бағытталған кешенді шешімдердің кеңінен айтылған алаңы болды. Өткен жылы дәл осы сектордан 21 мәселе көтеріліп, соның 12-сі нақты шешімін тапқан екен. Қазіргі таңда «Бірлік» секторында магистральды сарқынды су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның толық аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған. Ал абоненттік қосылымдар 2026 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа шағынаудандарды сапалы ауыз сумен қамту үшін Балабүрген, Нұрата, Қаратал бағытында 2-кезекті жоба әзірленуде. Егер бюджеттен қолдау табылса, 2026 жылы бұл нысандар да іске қосылатынын әкім атап өтті. Ал электр қуаты мен газ жүйесі де назардан тыс қалмаған. Нәтижесінде «Бірлік-2» шағынауданы мен жобадан тыс қалған 7 нысан сапалы электрмен қамтылмақ. 2026 жылға дейін 2 704 абонентті қамтитын жаңа желілер іске қосылады. Ал табиғи газбен қамту бойынша 44 805 абонент тіркелсе, Бірлік секторында жаңадан қосылатын 326 абонентке арналған жоба әзірленуде екен. Сондай-ақ, сектор аумағында биыл үш жаңа базалық станция орнатылмақ. «Қазақтелеком» тарапынан Атақоныс, Атамұра, Ардагерлер сынды көшелерге жоғары жылдамдықтағы интернет жүргізіледі. Ал қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, 30 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Көлік және көше инфрақұрылымы да тыңғылықты қолға алынған. Сектордағы 179 көшенің 96%-ы жарықпен қамтамасыз етілсе, қалған бөлігіне орнату жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады. Сонымен қатар, тұрғындар қозғалысын жеңілдету мақсатында 12 аялдама орнатылған. Бұл кездесуде айтылған ұсыныстар мен жоспарлар әкімдік пен халық арасындағы сенім көпірінің беки түскенін көрсетеді.
ЯССЫ СЕКТОРЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Бұған дейін Яссы секторында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан 20 мәселе көтеріліп, оның он үші заң аясында түсіндірілсе, 7 мәселе өз шешімін тапқан екен. Әкім баяндамасында тұрғындар сұранысына сай Саққорған көшесіндегі ойын алаңшасы жөнделіп, пайдалануға берілгенін атап өтті. Алтын Орда көшесіне №2 бағыттағы қоғамдық көлік қатынасы қамтамасыз етіліп, А.Юсупов көшесіне асфальт төселген. Бұл өзгерістер тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, инфрақұрылым сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Сектордағы кәріз жүйесін дамыту бағытында Тұран-1 және Тұран-2 нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұған қоса, №14 және №15 кәріз сорғы станцияларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде екен. Сондай-ақ, әкім кездесуінде Ақан сері және Саурық батыр көшелеріне қосымша екі трансформатор орнату жоспарда тұрғанын білдік. Табиғи газ жүйесі бойынша қалада 44805 абонент немесе тұрғындардың 98 пайызы газбен қамтылған. Жаңадан қоныстанған, жобадан тыс қалған ішкі көшелерді газбен қамту үшін құжаттама дайындалуда. Бұл жұмыстарға Яссы секторынан 101 абонент енгізілген. Сараптама қорытындысы қыркүйек айында дайын болады деп күтілуде. Ал абаттандыру бағытында Хақназархан көшесінде жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Жол саласы бойынша сектор аумағында 264 көше бар. Оның ішінде 89 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 20 көшеде жұмыс толық аяқталған. Тағы 15 көшеде құрылыс жалғасып жатыр. Кәріз жүйесі толық аяқталған 25 көшеге асфальт төсеу бойынша конкурс жарияланған. Конкурс нәтижесі шыққан соң жұмыстар басталатынын айтады. Ал кәріз жүйесі аяқталмаған 29 көшеге асфальт төсеу әзірге мүмкін еместігін ескертті. Ал халық аз қоныстанған 14 көшеде асфальттау жұмыстары тұрғындар саны артқан кезде жүргізілетінін хабарлады. Сонымен қатар, сектордағы көшелердің 99 пайызы жарықтандырумен қамтылған. Тек 6 көшеде тұрғындар болмағандықтан, жарықтандыру кейінге қалып тұр екен. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында Кентау тас жолы, Қазыбек би, Әл-Фараби, С.Ерубаев, Айтуар би көшелеріне 13 аялдама орнатыған. Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің арасындағы 2,5 шақырым жолдың құрылысы басталып, бүгінгі таңда ірі түйіршікті асфальт жабындысы төселген. Әзімбек Пазылбекұлы бұл жол іске қосылғаннан кейін көлік қозғалысын жеңілдетуге ықпал ететінін атап өтті.