ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – билік пен халық арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты нығайтқан маңызды бастама. Бұл қағидаттың негізгі мақсаты – тұрғындарды толғандырған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды сапалы әрі тиімді шешу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мұнай-газ және энергетика саласын дамыту ел экономикасының басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Осы тапсырмалар аясында еліміздің ауылдық елді мекендерін газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауыл округіне қарасты Жайылма ауылына табиғи газ берілді. Көптен күткен игілікке қол жеткізген ауыл тұрғындары енді көгілдір отынның игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.
Жайылма ауылындағы табиғи газбен жабдықтау жүйесінің іске қосылуына арналған салтанатты шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, мердігер мекеме – «Евро-Құрылыс» ЖШС өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, бұл бастама елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі екенін атап өтті.
– Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Бүгін Жайылма ауылына табиғи газдың берілуі – соның айқын дәлелі. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға және ауылдың одан әрі дамуына оң әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді аудан басшысы.
Салтанатты рәсім барысында ауыл тұрғындары да өз қуаныштарын білдіріп, ел игілігі жолында атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын жеткізді. Ауыл ақсақалдары бұл күнді тарихи сәт ретінде бағалап, табиғи газдың келуі халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадам екенін айтты.
Қазіргі таңда Жайылма ауылындағы 60 абонент табиғи газ жүйесіне қосылып отыр. Көгілдір отынның берілуі тұрғындардың көмір мен қатты отынға тәуелділігін азайтып, тұрмыстық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болып саналады.
Айта кетейік, Жайылма ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жобасының нәтижесінде Ордабасы ауданындағы газдандыру деңгейі артып, қамту көрсеткіші 77,2 пайызға жетті. Бұл – өңірдегі инфрақұрылымдық даму қарқынының жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта аудан аумағындағы өзге де елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жалғасады. Осылайша табиғи газбен қамтылған тұрғындар саны артып, халықтың өмір сүру сапасы жақсара түспек.
Жалпы, табиғи газ – ел тәуелсіздігінің халық игілігіне айналған нақты жетістіктерінің бірі. Сондықтан алдағы бір-екі жылда көгілдір отынның игілігін сезінетін тұрғындар қатары көбейіп, ауылдардың әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілмек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы