Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газ желілерін іске қосу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы бұл күннің аудан тұрғындары үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, халықты көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтады. Осылайша, Созақ ауданы алғаш рет табиғи газ жүйесіне қосылып, тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көруге мүмкіндік алды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
– Халықты табиғи газбен қамту – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл тек әлеуметтік мәселе емес, сонымен бірге экологиялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгін Созақ ауданы үшін тарихи күн. Ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген мәселе оң шешімін тауып отыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір жетекшісінің мәліметінше, 2025 жылы облыс аумағында газдандыру бағытында 87 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 45-і толық аяқталған. Нәтижесінде 70 мыңнан астам тұрғыны бар 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында жалпы саны 606 елді мекен газ жүйесімен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болған.
Айта кету керек, бұған дейін Түркістан облысындағы барлық аудан мен қалалар кезең-кезеңімен газдандырылғанымен, Созақ ауданында бұл мәселе толық шешілмей келген еді. Енді жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) мен магистральды газ құбырының іске қосылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.
Облыс әкімі Созақтағы АГТС-тің стратегиялық маңызына ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл жоба тек тұрғындарды табиғи газбен қамтып қана қоймай, болашақта ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге көмір мен қатты отынға тәуелділіктің азаюы экологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етеді.
Салтанатты шара барысында Шолаққорған ауылдық округіндегі газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде символикалық түрде көгілдір отын жағу рәсімі өтті. Бұл сәтке куә болған ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, көптен күткен игіліктің ел өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.
Жобаның жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталған. Газ құбырының өткізу қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған жүйе тұрғындарды тұрақты әрі қауіпсіз табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба толық іске асқан жағдайда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4600 тұрғын үй табиғи газға қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыстық шығындарды азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру деңгейі артып, ауылдық аумақтардың инженерлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.
Мамандардың айтуынша, аталған автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы алдағы уақытта Созақ ауданындағы өзге де елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру көзделген. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар өңір халқының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауыл-аймақтардың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және елді мекендердің келешек әлеуетінің нығаюына үлкен мүмкіндік беруде.