ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 2500 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ АУЫЛ КӨШЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық аймақтарды дамыту мәселесіне айрықша тоқталып, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл бастама – ауылдардың әлеуетін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарлама.
Осыған сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды қажет ететін елді мекендер анықталып, кезең-кезеңімен тиісті қаржылар бөлінді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ауылдардың даму қарқынын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысында аталған жоба шеңберінде 2019-2025 жылдар аралығында жалпы құны 136,5 миллиард теңгені құрайтын 1 570 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 1 404 жоба инфрақұрылым нысандарының құрылыс және жөндеу жұмыстарын қамтыды. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 2 421,3 шақырым ішкі көшелер орташа жөндеуден өткізіліп, ауылішілік жолдардың сапасы едәуір жақсарды. Бұл тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауылдар арасындағы байланысты нығайтып, көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырды.
Сонымен қатар, 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасалды. Ал 6 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 49 елді мекенде электр желілері жаңартылып, сапалы электр қуатымен қамту мәселесі шешімін тапты. Кейбір аймақтарда жылу жүйелері қайта жаңғыртылып, коммуналдық инфрақұрылымның тиімділігі арттырылды.
Әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы 166 әлеуметтік нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыру мақсатында 25 мәдениет үйі жаңадан салынып, 16 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмір салтына баулу бағытында 22 спорт кешені бой көтеріп, 3 спорт ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, 1 стадион қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді.
Білім беру саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылды. Облыс бойынша 65 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Бұдан бөлек, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 13 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер байқалады. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 13 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілді.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысындағы 373 елді мекеннің, яғни 1 миллионнан астам тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарды. Ауыл тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасып, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі артты. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру барысында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосылды.
Жалпы, соңғы жеті жыл ішінде Түркістан облысында 260 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысаны салынып, 2 421 шақырым жол жөнделді. Бұл көрсеткіштер ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Аталған бастамалар ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеріп қана қоймай, жастардың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, кәсіпкерліктің дамуына және жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуына оң әсер етуде.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы – ауылдың әлеуетін арттырып, елдің берекесін нығайтатын маңызды бағдарлама. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы