ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты кең ауқымды акция аясында «Таза Қазақстан» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы мол іс-шара Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйытқы болуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Игі шараға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, ардагерлер, қоғам белсенділері мен белсенді жастар қатысты.
Аталған акция 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, елдік құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру болды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, бастаманың қоғамдық әрі рухани маңызына кеңінен тоқталды. Ол бұл аллея тек көгалдандыру жобасы емес, өткен тарихқа тағзым мен келешекке деген сенімнің айқын көрінісі екенін атап өтті.
– «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, бұл – қоғамның мәдениеті мен санасының көрсеткіші. Заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде әділетті қоғам қалыптасады. Ал әділетті қоғамның негізі – бірлік, тазалық және жауапкершілік. Бүгінгі отырғызылған әрбір көшет – ел болашағына деген қамқорлықтың белгісі, – деді Мәлік Отарбаев.
Сонымен қатар ол ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттап, олардың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен елдік мүдде жолындағы еңбегін жоғары бағалады.
Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Өңір басшысы экологиялық мәдениет пен тазалық мәселесі әрбір азаматтың өмір салтына айналуы қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасын жариялап, ел көлемінде экологиялық маңызы зор бастама көтерді. Осы тапсырма аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бүгін біз сол игі бастаманың жалғасы ретінде «Таза Қазақстан» аллеясының іргетасын қалап отырмыз. Бұл – тазалыққа, табиғатқа жанашырлықтың және елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Осы бастамаға қолдау білдірген Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, зиялы қауым өкілдеріне және белсенді жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров өткен жылы өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 1 миллионнан астам ағаш отырғызылғанын атап өтті. Нәтижесінде елді мекендер тазартылып, өңірдің экологиялық ахуалы жақсара түскен. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, облыс аумағында тағы да миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– «Таза Қазақстан» – біркүндік акция емес. Ол қоғамның өмір салтына айналуы тиіс. Бүгінгі жаңа аллея – тазалық пен дамудың, бірлік пен жасампаздықтың символы болады деп сенемін. Әрбір отырғызылған көшет – болашақ ұрпаққа қалдырылған аманат, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та сөз сөйлеп, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, адалдық қағидаттарын нығайту және жастар тәрбиесіндегі мұндай тағылымды шаралардың маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған мәдени бағдарлама көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Патриоттық әндер шырқалып, елдік рухты көтеретін шығармалар орындалды. Арыстағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының тәрбиеленушілері мен «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Акцияның ең маңызды әрі тағылымды сәттерінің бірі – «Таза Қазақстан» аллеясына қазақ халқының даңқты батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден арнайы әкелінген көшеттердің отырғызылуы болды. Әрбір көшетке тарихи тұлғалардың есімдері символикалық түрде беріліп, бұл бастама ұлттық мұраны ұлықтау мен экологиялық жауапкершілікті ұштастырған ерекше жобаға айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аллея алдағы уақытта Түркістан қаласының көрікті орындарының біріне айналып, тұрғындар мен жастар үшін тағылымы мол рухани-мәдени кеңістік болмақ. Сонымен қатар бұл жоба қоғамды тазалыққа, табиғатты аялауға және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндейтін маңызды бастама ретінде өз жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы