Түркістан облысында ірі инвестициялық жобалардың қатары артып келеді. Өңірде шетелдік инвесторлар жоғары сапалы флоат-шыны өндіретін жаңа өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ауқымды жобаны жан-жақты талқылау және оның жүзеге асу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар жобаны іске асыру үшін қажетті жер телімдері, инженерлік инфрақұрылыммен қамту, логистикалық мүмкіндіктер және мемлекеттік қолдау тетіктері сөз болды.
Жоспарланып отырған инвестициялық жобаның жалпы құны шамамен 220 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылына 480 мың тонна жоғары сапалы флоат-шыны өндіретін заманауи зауыт салу көзделген. Бұл өндіріс орны ішкі нарықты сапалы шыны өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік береді.
Ал екінші кезеңде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна кварц құмын өндіретін кешен мен қосымша өндірістік нысандар салу жоспарлануда. Осылайша жоба толық өндірістік циклді қамтып, шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі кешенді жүйе қалыптастырмақ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңір әкімдігі инвестициялық бастамаларға әрдайым ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыста өндіріс орындарын дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан және инвесторларға заң аясында қажетті қолдау көрсетіледі.
– Бұл жоба Түркістан облысының ғана емес, тұтас еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенеміз. Өңірімізде отандық өндірісті дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін мол мүмкіндік бар. Әсіресе шыны өнімдерін өндіру саласының болашағы зор. Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құм қоры шоғырланған, бұл өндірісті дамытуға қажетті негізгі шикізат базасын қалыптастырады. Түркістан облысының әкімдігі жобаның табысты жүзеге асуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Қанат Қайыпбек.
Айта кету керек, бұған дейін инвесторлар Түркістан облысындағы кварцты құм кен орындарын аралап, шикізат сапасына зертханалық талдау жүргізген болатын. Сараптамалардың оң нәтижелері мен компания директорлар кеңесінің шешімі негізінде жобаны дәл осы өңірде жүзеге асыру жөнінде шешім қабылданған.
Мамандардың айтуынша, флоат-шыны өндірісі – жоғары технологияны қажет ететін стратегиялық маңызы бар сала. Мұндай зауыттың іске қосылуы құрылыс индустриясы, сәулет, автомобиль өндірісі және басқа да салалардың дамуына серпін береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасайды.
Жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырған халықаралық компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндіріс пен өнім өткізуді бір жүйеге біріктірген ірі өнеркәсіптік құрылымдардың бірі саналады. Компания жоғары сапалы шыны өнімдерін шығаруға маманданған және әлемдік нарықта өзіндік орны бар. Қазіргі таңда компанияда 18 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл инвестициялық жоба Қазақстандағы шыны өндірісі саласын дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Өйткені 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі шыны өнімдері нарығында импортқа деген сұраныс әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Аталған кезеңде Қазақстанға 277 миллион АҚШ долларына шыны өнімдері импортталған. Ал экспорт көлемі 46 миллион АҚШ долларын ғана құрады. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысында іске асырылуы жоспарланған жаңа флоат-шыны зауыты импортқа тәуелділікті төмендетуге, экспорт көлемін арттыруға және өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін бермек. Сонымен бірге бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.