Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сәйкес тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл өңір диқандары егіс алқаптарын ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру бағытында қарқынды еңбек етуде. Қазіргі таңда жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа орналастырылып, көктемгі егіс науқанының негізгі кезеңдері толық орындалуға жақындады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мәліметтерге сәйкес, егілген алқаптардың ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектарды, майлы дақылдар – 72 мың гектарды, жоңышқа – 51 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар көкөніс дақылдары 31 мың гектарға, бақша өнімдері 38 мың гектарға егілген. Ал мақта алқабының көлемі 52 мың гектарға жетіп отыр. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының еліміздегі ірі аграрлық өңір ретіндегі әлеуетін тағы бір мәрте айқындай түседі.
Өңір шаруалары ерте пісетін өнімдерді жинауға да кірісіп кеткен. Бүгінде егіс алқаптарынан 2,2 мың тонна ерте пісетін қырыққабат жиналып, ішкі нарыққа жөнелтілуде. Бұл тұрғындарды ерте көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруалардың табысын арттыруға да мүмкіндік беруде.
Көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымының барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында өңірдегі қазіргі ахуал сараланып, су ресурстарын тиімді пайдалану, егіс алқаптарын уақытылы сумен қамтамасыз ету және шаруаларды мемлекеттік қолдау мәселелері қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарына қажетті жеңілдетілген жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар шаруалардың сұранысына сәйкес уақытылы жеткізілуде. Бұл өз кезегінде егіс науқанын кідіріссіз өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан ұсынылған қаржылай қолдау тетіктері де белсенді іске асуда. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін 1196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге нақты көмек көрсетілген. Бұл бағдарлама диқандарға айналым қаражатын толықтыруға, техника алуға және егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге үлкен қолдау болып отыр.
Жиында су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 34 мың гектардан астам егіс алқабында су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері кеңінен енгізіліп, суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар қарқын алған.
Мамандардың айтуынша, бұл технологиялар су тапшылығы жағдайында аса маңызды. Өйткені су ресурстарын үнемдеу арқылы өнім көлемін арттырып қана қоймай, егіс алқаптарының өнімділігін де көтеруге болады. Осыған байланысты облыс әкімдігі су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп, шаруаларға қажетті техникаларды лизинг арқылы алу мүмкіндігін қарастыруда.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су қоймаларындағы жағдайды ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге су ресурстарын бекітілген лимитке сәйкес тиімді әрі әділ бөлу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
– Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Сондықтан әрбір текше метр суды тиімді пайдалануымыз қажет. Ағын су кезектілігі шаруалармен келісіліп, дақылдардың ерекшелігіне қарай әділ ұйымдастырылуы тиіс. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен бірге жауапты сала басшыларына су арналары мен каналдардың техникалық жағдайын қадағалау, су ысырабына жол бермеу және шаруалармен тұрақты байланыста жұмыс істеу тапсырылды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтуде. Көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны толық бақылауға алынып, жоспарға сәйкес жүйелі түрде жалғасуда. Өңір диқандары биыл да мол өнім алуға ниетті. Ал мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, аграрлық сектордың әлеуетін арттыра түсуде.