Түркістан облысында өндіріс саласын дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен арнайы кездесу өткізіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында тараптар өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық бағытты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Түркістан облысында іске асқан жобалардың тиімділігін арттыру және өндіріс ауқымын кеңейту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтіп, индустриялық жобаларды жүзеге асыруға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту, жаңа технологияларды енгізу және экспортқа бағытталған кәсіпорындарды дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. «UBC Group» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жоба өңір экономикасына оң әсерін тигізіп отыр. Мұндай өндірістер жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленко компанияның Орталық Азия нарығындағы үлесін арттыруға және тоңазытқыш өндірісін кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорынның екінші кезеңін іске асыру арқылы өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі жүзеге асырылу сатысына өткен. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1,2 миллиард теңгені құрайды. Бұл жоба өндірістік әлеуетті едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында жалпы аумағы 1900 шаршы метр болатын жаңа өндірістік ғимарат салу жоспарланып отыр. Заманауи талаптарға сай жабдықталатын өндіріс орны технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтіп, өнім сапасы мен өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады.
Сонымен қатар кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады. Жалпы алғанда, зауыттың кеңеюі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң ықпал етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қоспақ.
Жоспарға сәйкес, өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 50 мың дана мұздатқыш шығаруға дейін ұлғаяды. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де арттыруға жол ашады. Сонымен бірге жоба аясында екі қосалқы өндіріс орнын іске қосу көзделген. Бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құн қалыптастыруға және жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына экспортталуда. Алдағы уақытта экспорт географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, компания өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің нарығына шығару көзделуде. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының экспорттық әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар өндірістік жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге келісім жасалды.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында халықаралық «UBC Group» компаниясының «Jasyl Suyq Qazaqstan» атты тоңазытқыш шығаратын зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған еді. Ал жалпы жоба аясында 1000-ға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай ірі өндірістік жобалар Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды.