ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АЛЮМИНИЙ ОРАМДАРЫН ӨНДІРЕТІН ІРІ ЗАУЫТ САЛЫНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту қажеттігін үнемі атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, экономиканың негізгі драйверлерінің бірі саналатын өндірістік секторды дамытуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағытта Түркістан облысының Төлеби ауданында алюминий орамдарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы ресми түрде басталды. Ауқымды жобаны «QAZCOILPRO» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда, бұл өндіріс орны еліміздегі алюминий өңдеу саласындағы алғашқы ірі және заманауи зауыттардың біріне айналмақ.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 115 миллиард теңгені құрайды. Бұл – өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар ірі қаржылық салымдардың бірі. Зауыт өндірістік қуаты кезең-кезеңімен іске қосылады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде жылына 100 мың тонна алюминий өнімін шығару көзделсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға дейін ұлғаймақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай өндірістік қуат ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде жоғары қосылған құны бар өнеркәсіп өнімдерін өндіру үлесі артады.
Жоба аясында 250-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл Төлеби ауданы тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі мен жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен бірге жергілікті кадрларды өндірістік салаға тарту және олардың біліктілігін арттыруға да оң әсерін тигізбек.
Маңызды инвестициялық жобаның басталуына орай өткен салтанатты жиында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов құрылыс жұмыстарының сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіріп, мұндай бастамалардың өңірдің индустриялық дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл зауыттың іске қосылуы аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік жобалар өңірдің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі, – деді аудан әкімі.
Жоба Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүргізіліп, зауыттың толық іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған.
Заманауи технологиялармен жабдықталатын жаңа өндіріс орны алюминий өнімдерін өңдеу саласында жаңа стандарт қалыптастырып, Қазақстан экономикасының индустриялық дамуына тың серпін бермек. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің инвестициялық беделін арттырып, Түркістан облысын өндірістік әлеуеті жоғары аймақ ретінде одан әрі таныта түспек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы