ТҮРКІСТАН: ҚАЛАДА АБАТТАНДЫРУ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Бұл бағдарлама аясында шаһардың келбетін жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және қоғамдық кеңістіктерді көріктендіру бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Қала әкімдігі мен жауапты мекемелер тарапынан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты бақылауға алынып, кезең-кезеңімен орындалуда.
Атап айтқанда, Түркістан қаласының орталық көшелері, саябақтары мен аллеялары біржылдық және көпжылдық гүлдермен көмкеріліп, шаһардың сән-салтанатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қаланың көрікті келбеті тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етуде.
Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау, ағаштарды жүйелі түрде суару, жаңа көшеттер отырғызу және көгалдандыру аумақтарын кеңейту жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл бағытта арнайы суару жүйелері іске қосылып, жасыл аймақтардың тиімді күтімі қамтамасыз етілуде.
Қала аумағындағы санитарлық тазалық мәселесіне де ерекше назар аударылған. Көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, абаттандыру және ретке келтіру жұмыстары күнделікті негізде атқарылуда. Бұл шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және таза орта қалыптастыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелі жұмыстар Түркістанның тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан таза әрі заманауи қала ретінде дамуына жол ашып отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда қала аумағында 45 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 1,5 миллионға жуық гүл егілген. Бұл көрсеткіш Түркістан қаласының жасыл желекке оранған, көрікті әрі жайлы қалаға айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бұл жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы