ТҮРКІСТАН: «TAZA QAZAQSTAN» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІР КҮНДЕ 20 МЫҢ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан облысында кең ауқымды ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған бұл маңызды іс-шара Түлкібас ауданында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай өткізілді.
Аталған шара барысында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылып, еліміздің бірнеше өңірі бір мезетте экологиялық акцияға қосылды. Түркістан облысынан арнайы орнатылған LED экран арқылы Мемлекет басшысымен тікелей байланыс жүзеге асырылып, өңірдің экологиялық бастамалары таныстырылды.
Телекөпір барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» эко-волонтері Айда Орынбасарқызы сөз сөйлеп, өңірде атқарылып жатқан табиғатты қорғау жұмыстары туралы мәлімет берді.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан өңірі тұрғындарының «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамасын кеңінен қолдап отырғанын атап өтті.
– Түркістан облысының халқы «Taza Qazaqstan» бағдарламасын белсенді түрде қолдап келеді. Бағдарлама басталғалы бері өңірде 2 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар елді мекендерді санитарлық тазалау мақсатында 400-ге жуық арнайы техника сатып алынды. 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 155 бұлақ пен 77 өзен тазартылды. Бүгінгі біркүндік акция аясында облыстың барлық аудан-қалаларында 20 мың түп ағаш отырғызылып, 340 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 350 тонна қоқыс шығарылып, 17 мың гектар аумақ тазартылды. Алдағы 2026 жылы 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Аймақ басшысы сондай-ақ биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қорық табиғатты қорғау мен ғылыми зерттеулерді ұштастырған бірегей орталық ретінде танылып отыр.
Телекөпірге Түркістан облысымен қатар Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары да қосылып, өңірлердегі экологиялық жұмыстар таныстырылды.
Акцияның негізгі бөлігі Түлкібас ауданындағы қорық аумағында өтті. Мұнда 2 мыңнан астам адам қатысып, 1000 түп көшет отырғызылды. Жалпы алғанда, бір күн ішінде Түркістан облысы бойынша 20 мың ағаш егілді.
Айта кету керек, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы – 1926 жылы құрылған, Қазақстандағы тұңғыш қорық болып саналады. Оның жалпы аумағы 131 мың гектардан асады. Қорық Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерімен шектесіп жатыр.
Қорықтың табиғи байлығы ерекше. Мұнда 1300-ден астам өсімдік түрі өседі, олардың арасында сирек кездесетін қызғалдақ түрлері де бар. Сонымен қатар Қызыл кітапқа енген қар барысы, арқар, таутеке, сілеусін және қоңыр аю сияқты жануарлар мекендейді.
«Ақсу-Жабағылы» тек табиғатты қорғау аймағы ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталығы болып саналады. Ол ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген.
Жалпы, «Taza Qazaqstan» бағдарламасы аясындағы мұндай ауқымды экологиялық шаралар елдегі табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және болашақ ұрпаққа қолайлы экологиялық орта қалдыруға зор үлес қосуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы