Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қағида. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды заң аясында тиімді әрі сапалы шешу.
Осы бағытта Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту, оның ішінде табиғи газ жүйесін кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде Сарыағаш ауданына қарасты Көктерек ауылдық округіндегі Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағы табиғи газға қосылды.
Атап айтқанда, Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелерінде газдандыру жұмыстары толық аяқталып, тұрғын үйлер көгілдір отынға қосыла бастады. Бұл – жергілікті халықтың көптен күткен әлеуметтік-тұрмыстық мәселесінің шешілуіне жол ашқан маңызды қадам.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында газ саласын дамытудың стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өтіп, халықты табиғи газбен тұрақты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа кен орындарын игеру бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Еліміздің табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 трлн текше метрді құрайтыны да бұл саланың әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Газдандыру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен арнайы кездесті. Кездесу барысында ол атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жобалардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
– Біздің басты міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – осы бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі. Әрбір басталған жоба сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жүйелі жұмыс жүргіземіз, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар да өз ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен табиғи газдың берілуі тұрмыс сапасын едәуір жеңілдеткенін атап өтті. Ауыл халқы бұл бастаманы әлеуметтік жағдайды жақсартудағы маңызды жетістік ретінде бағалады.
Айта кету керек, аталған жобаны Сарыағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы негізінде «Ынтымақ-ОК» ЖШС жүзеге асырған. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен газға қосу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы жоба аясында Көктерек кентіндегі 2820 тұрғынды табиғи газбен қамту жоспарланып отыр. Бұл міндетті жүзеге асыру және қызмет көрсету жұмыстары «Келес Трансгаз» ЖШС тарапынан атқарылуда.
Мамандардың айтуынша, табиғи газға қосылу тұрғындардың тұрмыс шығындарын азайтып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік дамуын жеделдетуге және өмір сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етеді.