Көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатқан қазіргі кезеңде аграрлық сектор үшін су ресурстарын үнемдеу мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері бірлесе жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі мен өнімділігіне нұқсан келтірмей, керісінше су қорларын тиімді әрі ұтымды пайдалануға бағытталған.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының шаруаларымен арнайы жиын өткізіліп, су көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістігін оңтайландыру мәселесі жан-жақты қаралған болатын. Бұл бағыттағы жұмыс биылғы жылдың қаңтар айында Алматы және Жетісу облыстарында да жалғасын тапты. Нәтижесінде фермерлерге нақты су балансын ескере отырып, су пайдалану лимиттері белгіленіп, ресми түрде жеткізілді.
Қазіргі таңда 2026 жылғы егіс маусымына арналған алқап құрылымы бекітіліп, су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған нақты қадамдар іске асырылуда. Соның ішінде күріш егістігі 20,2 мың гектарға қысқартылды. Бұл көрсеткіш Қызылорда облысында – 10,9 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Алматы облысында – 1,9 мың гектарды құрайды.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Мақта алқаптарында тамшылатып суару жүйесінің үлесі едәуір артып, жалпы аумағы 79,8 мың гектарға жетті. Бұл көрсеткіш 29,8 мың гектарға ұлғайғанын көрсетеді. Ал дәстүрлі суару тәсілдері 12 мың гектарға қысқарып, 82,6 мың гектар деңгейінде қалып отыр. Мұндай өзгерістер су шығынын айтарлықтай азайтып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Вегетациялық кезеңнің өту барысы Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, сондай-ақ өңірлік әкімдіктердің тұрақты бақылауында. Су жеткіліктілігі мен егіс алқаптарының жағдайы бойынша жедел мониторинг жүргізілуде.
Биылғы жылы республика бойынша жалпы егіс көлемі шамамен 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артқан. Егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда.
Атап айтқанда, бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрады. Ал керісінше, өнімділігі жоғары әрі су аз қажет ететін дақылдардың үлесі артуда: майлы дақылдар – 4 млн гектардан астам (+55 мың га), мал азықтық дақылдар – 3,3 млн гектар (+237 мың га), ал ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқабы 94,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталып, бүгінге дейін 202 мың гектар жерге дән себілді. Оның ішінде 113,6 мың гектары – дәнді дақылдар, 32,3 мың гектары – мал азықтық дақылдар, 23,7 мың гектары – майлы дақылдар, ал 32,1 мың гектары – көкөніс, бақша дақылдары мен картопқа тиесілі. Қалған өңірлерде дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде: тұқым қоры тексеріліп, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар уақытылы жеткізілуде.
Жалпы тұқым қорының көлемі 2,3 млн тоннаны құрап, сапалық талаптарға толық сәйкес келеді. Тыңайтқыш енгізу көлемі де жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Дала жұмыстарына 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, аграршыларға қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының 90 пайызы дайын күйде. Шаруашылықтарда 133,9 мың трактор, 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы бар.
Жалпы алғанда, егіс құрылымын оңтайландыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және су пайдалану тәртібін қатаң сақтау – тек су ресурстарын қорғау ғана емес, сонымен бірге тұрақты әрі мол өнім алудың басты кепілі болып отыр.
Көктемгі егіс науқанының барлық барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында.