ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың өндірістік әлеуетін арттырып, инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу ісін жандандыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды орындау аясында Түркістан облысында «Өндірістік парктер» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңір экономикасын әртараптандыруға серпін беріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде арнайы танысты. Әкім Сарыағаш қаласындағы өндірістік парк аумағын аралап, құрылыс қарқынын бағамдап, кәсіпкерлермен кездесіп, жобаны тиімді жүзеге асырудың тетіктерін талқылады.
Өңір басшысы өндірістік парктің ауданның экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен инвесторларға құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Бұл өндірістік парк шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі міндет – жобаларды нақты іске қосып, нәтижелі жұмысқа көшу. Кәсіпкерлер өз ісін дамытып, өңір экономикасын ілгерілетуге үлес қосуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Жоба аясында жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын өндірістік аймақ қалыптасуда. Мұнда 8 кәсіпкерге жер учаскелері кезең-кезеңімен бөлініп берілген. Құрылысты 2025 жылдың қараша айында бастап, 2026 жылдың маусым айында толық аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны 800 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда парк аумағында құрылыс жұмыстары қарқын алған: екі нысанның іргетасы құйылып, тіреу конструкциялары орнатылған. Тағы екі нысанда іргетас құю жұмыстары жүргізілуде, ал келесі бір нысанның құрылысы алдағы аптада басталмақ.
Өндірістік парк аумағында жалпы бес инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Бес қара» ЖШС жұмыртқа лотогын шығаратын цех ашып, 250 млн теңге инвестиция арқылы 25 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. «Нұрлы жол» жиһаз өндірісіне 150 млн теңге бағыттап, 15 жұмыс орнын құруды көздейді. Сондай-ақ 150 млн теңгелік кондитерлік цех 10 адамды еңбекпен қамтымақ.
Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдарына арналған құрал-жабдықтар шығаратын өндіріс орны және құрама жем өндіретін цех іске қосылады. Соңғысының инвестиция көлемі 100 млн теңгені құрап, 15 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жоба толық қуатына шыққан жағдайда Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі ұлғайып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндік ашылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы