Бүгінде дамыған елдердің дені баламалы энергия көздерін арттырып, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін энергия ресурстарын өндіру ісіне айрықша мән беруде. Жалпы баламалы энергия көздері немесе «Жасыл экономика» термині 2012 жылдың маусымында Бразилияда өткен РИО+20 саммитінен кейін халықаралық нарықта жеке мемлекеттердің даму бағдарламасында қолданыла бастады.
Біздің елімізде де «Жасыл экономика» секторы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. «Баламалы энергия» деп қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін табиғи таза энергия өндіру көздерін айтамыз. Мұндай энергия көздері экологияға ешқандай нұсқан келтірмейді, мұнай мен көмір тәрізді пайдалы қазбаларды игеруге қажеттілік тудырмайды. Расында да ауа ластанып, қуат таусыла бастаған шақта басқа балама көздерді іздеген дұрыс екені бесенеден белгілі. Бірақ бұл терминді әркім өзінше түсінеді. Шындығында, «Жасыл экономика» дегеніміз не?
Біріншіден, бұл – табиғи қорларды тиімді пайдалану.
Екіншіден, экологиялық жағынан таза өнімдер шығару.
Үшіншіден, халықтың әлауқатын арттыру.
Төртіншіден, бұл –экономиканың заманауи тың саласы. Бесіншіден, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтыну.
2022 жылы мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік экономикалық форум қатысушыларына бейне үндеу жолдаған сөзінде: «Жасыл экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады, ол 2060 жылға қарай шығынсыз оңтайлы жолды қамтамасыз етеді», – деп атап көрсеткен болатын.
Жалпы мемлекетіміздің «Жасыл экономика» саясатын дамыту ісін осыдан бірнеше жыл бұрын белсене қолға алғаны белгілі. 2013 жылдың мамыр айында еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөнінде арнайы тұжырымдамасы қабылданды. Маңызды құжаттың үш кезеңді қамтитынын айта кету керек. Үш кезең бойынша да жүзеге асырылатын міндеттер қомақты. Бұл орайда Қазақстан үкіметі «Жасыл экономиканы» дамытудың жеті бағытын атап көрсетті.
Бірінші – су ресурстарын дұрыс пайдалану, екінші бағыты – халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, жоғары өнім беретін ауыл шаруашылығы саласын дамыту, үшінші бағыты – энергия көзін пайдалануда оны үнемдеу және энергияны тиімді тұтынуды арттыру, төртінші бағыты – электр энергетикасын дамыту, бесінші бағыты – әртүрлі өндірістен қордаланып, жиналып қалған қалдықтарды жою. Алтыншы бағыты – улы газ қосындыларынан және әртүрлі қалдықтардан, ластанып бара жатқан ауаны тазарту, жетінші бағыты – саланы тиімді басқару.
Аталмыш тұжырымдаманың бірінші кезеңі 2013 жылы басталып, 2020 жылы аяқталды. Енді екінші кезеңі 2020-2030 жылдарды қамтыса, үшінші кезең 2030-2050 жылдар аралығына жоспарланған. Тұжырымдаманың бірінші кезеңінде мемлекет «жасыл» инфрақұрылымды құруға, ресурстарды оңтайландыруға, сондай-ақ табиғатты қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға басымдық берді. Яғни, 2013 жылы Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының бірінші кезеңін іске асыру бойынша ісшаралар жоспары қабылданды.
Жоспар 141 іс-шарадан тұрды. Оның ішінде нормативтік, институционалдық және кадрлық қамтамасыз ету, су ресурстарын үнемді пайдалану шаралары, тұрақты және жоғары өнімді ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, атмосфералық ауаның ластануын азайту, биологиялық ресурстарды дамыту, сақтау және үнемді пайдалану, жылу электр станциялары шығарындыларын тазартуды және өндірісте және күнделікті өмірде соңғы технологиялар негізінде энергияны кеңінен үнемдеуді енгізу бойынша шаралар мен жобалар қамтылды.
Тың бастамалар мен жобаларды мақсат еткен тұжырымдама толыққанды орындалса, еліміз «Жасыл экономиканы» дамыту саласында толайым табыстарға сөзсіз жететіні анық. Мемлекет алдына міндет қойып отырған соң, ол тұжырымдама жоспарлар күмәнсіз орындалады деп ойлаймыз.
Тұжырымдамадағы 3 кезең 7 міндеттің түйіні осы. Егер аталған бағыт бойынша жасалынатын міндеттер уақытылы әрі тиянақты орындалатын болса, Қазақстан мемлекеті мен халқы бұдан орасан зор табыстарға қол жеткізеді. «Жасыл экономика» бағдарламасы елдің жалпы ішкі өнімін арттырып, халықтың табысын көбейтеді. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан ауа тазарады. Қуат көздеріне қатысты шығындар азаяды. Қысқасы, «Жасыл экономика» әл-ауқатымызды көтереді.
«Жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес біздің облысымызда да кешенді жұмыстар қолға алынған. Мәселен, елімізде бүгінгі таңда барлығы 3032,12 мегаватт қуатты құрайтын 153 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істесе, облысымыздың аумағында жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 нысан бар. Бұлардың қатарында жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегеваттық 6 күн электр станаларын атап өтуге болады. Жалпы облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда екенін де атап өту ләзім.