ТҮРКІСТАН: «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ – 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасатындығын айрықша атап көрсетті. «Біз «Жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде.
Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімнің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінде облысымыздың аумағында осы бағытта қолға алынған жобалардың қай-қайсысы болсын өз жемісін бере бастады. Келесі маңызды құжаттардың бірі – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген мемлекеттік маңызды жобаның санатына кіреді. Осы арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр. Құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Тұтастай алғанда, Ұлттық жобада 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды.
«Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.
Еліміздің «Жасыл экономика» саясатын жүзеге асырудың құқықтық аспектілерін жүргізу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң энергетика саласын қолдау және дамыту тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Атап айтқанда, жаңартылатын энергетика саласында шағын генерацияны дамыту үшін «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын масштабты объект» (бұдан әрі – шағын масштабты ЖЭК) ұғымы енгізілді. Мұндай типтегі обьектілердің санатына қуаты 200 киловаттан аспайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр және жылу энергиясын өндіретін техникалық құрылғылар жатады. Шағын масштабты ЖЭК иелері осындай объектілер өндірген электр энергиясын немесе жылу энергиясын өз қажеттіліктеріне қазіргідей пайдалана береді және артық электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ал аталған ұйым оны Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейтін шекті бағамен сатып алады.
Еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген, жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын шағын гидроэлектр станцияларының (бұдан әрі – ШГЭС) өндірген электр энергиясын жабдықтаушы ұйымдарға тікелей, яғни бірыңғай сатып алушының қызметіне жүгінбей өткізуге рұқсат етіледі. ШГЭС өндірген электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Энергетика министрлігі белгілеген шекті тариф бойынша басым тәртіппен сатып алады. Тариф әр жеті жыл сайын қайта бекітіліп отырады.
Сонымен қатар Заңда отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалана отырып, энергия өндіретін қондырғылар салу арқылы бұрынғы электр станцияларын жаңғыртуға, реконструкциялауға немесе кеңейтуге арналған инвестициялық келісімдер жасау шарттары түзетілді. Бұдан бөлек, коммуналдық меншіктегі өңірлік электр желілік компанияларға электр желілерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бюджет есебінен кредит беру тәртібі енгізіледі. Кредит беру қағидаларын энергетика министрлігі қаржы министрлігімен келісе отырып бекітеді.
Естеріңізге сала кетсек, Сенат депутаттары 2024 жылдың 6 маусымында екі оқылымда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі аталмыш заңды мақұлдады. «Жасыл экономика» термині қолданылғанда, балаламалы энергия көздері жайлы айтпай кету мүмкін емес. Баламалы энергияны өндірудің бірнеше көздері яғни түрлері бар. Сол секілді баламалы энергияның да бірнеше түрлері көп. Алайда адамзатқа қаржылық жағынан тиімді әрі экологиялық табиғилығы басым энергия көздерін игергені әлдеқайда дұрыс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы