ТҮРКІСТАН: «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ – 3

Гидроэлектроэнергия. Күн, жел, ағыс, геотермальды энергия түрлері сарқылмайтын қуат көзіне жатады. Ал ядролық энергетика уран мен өзге де ауыр элементтерден алынатындықтан, таусылмас қуат кені бола алмайды. Күн мен желден өндірілетін энергияның болашағы зор. Ең бірінші, бұлар сарқылмайтын қазына болса, екіншіден, оларды өндіру де адамзат үшін аса қиындық тудырмайды. Су электр станциялары (СЭС) арқылы өндірілетін бұл энергияны барлығымыз жақсы білеміз.
Тау өзендері мен сарқырама, жасанды каналдардың жағасына үлкен СЭС немесе гидроэлектрикалық тоған салынады. Ағысы қатты су айналып тұрған турбина арқылы өтеді де электр энергиясын өндіретін арнайы қондырғылар одан қуат алып, оны электр энергиясына айналдырады. Қазіргі таңда Қазақстанда қуаты жоғары Өскемен СЭС-і (қуаты 331,2 мың кВт) және Бұқтырма СЭС-і (қуаты 675 мың кВт), Іле өзенінде Қапшағай СЭС-тері (қуаты 434 мың кВт) орналасқан. Ядролық энергия немесе атом энергиясы. Уран және өзге де радиоактивті элементтерден өндірілетін энергия түрі.
Радиоактивті бөлшекті суға қайнатқан кезде, буға айналады. Кейін оның атомдарын жарып, энергияға айналдыруға болады. Бұл үрдіс атом электр станцияларында жүзеге асады. Дегенмен атом энергиясы өндіріске тікелей байланысты, яғни, атомды жару үшін энергия керек. Оны мұнай мен көмірден алуға тура келеді. Оның үстіне, АЭС апатқа ұшыраса үлкен радиоактивті шығын келетіні сөзсіз. Сондықтан аталмыш энергия әдісі адамзаттың болашағын жасай алмайды. Күн энергиясы. Күннен тікелей алынатын энергия түрі. Күннен келетін сәулені электр энергиясына айналдыру тәсілі. Кремний төсемелерінен жасалған фотоэлектрикалық ұяшық өзіне түскен сәулені электр энергиясына айналдырады. Сонымен қатар күннен келетін сәуленің жылуын да электр энергиясына айналдыруға болады, мұны күн жылу энергиясы деп атаймыз. Жел энергиясы. Ауа қозғалысынан өндірілетін энергия түрі.
Желдің қатты жылдамдығы алып жел турбиналарын қозғалысқа түсіреді де, кейін одан электр энергиясы өндіріледі. Нидерланды мен Дания елдері ежелден диірмен қолданады, қазір алып диірмен құрылыстарын салып, жел энергиясын өндіріп отыр. Геотермальды энергия. Жер қыртысындағы белсенді геологиялық құбылыстар (гейзер, ыстық бу, жанартау лавасы) да электр энергиясын өндіруге пайдалануға болады. Жанартау маңындағы жерасты суы өте ыстық келеді, қайнау температурасынан да артық. Мұндай белсенді геологиялық аймақтарға ұзын құбырлар немесе мұржалар орналастырылады. Ыстық бу осы мұржалар арқылы өтеді де мұржа ішінде орналастырылған турбиналар негізінде электр энергиясы өндіріледі. Биомасса. Өсімдіктен май өндірілетінін білеміз. Ал майдан жанармай алуға болады.
Сол тәрізді этанол мен глюкозадан, саңырауқұлақ, бактерия мен балдырдан жанармай жасалады. Бұл – бензинді алмастыра алатын сұйықтық. Сутек. Сутегі – ғарыш пен жер бетінде көп кездесетін элемент. Мәселен, судың өзі сутек бөлшегінен тұрады. Бұл – газ тектес элемент. Ал сутектің жануы үлкен энергия береді. Суды сутекке бөлу арқылы көгілдір газ аламыз. Ал бұл газ іштен жанатын қозғалтқыштың отыны болады. Баламалы энергия көздерінің дамуы да ұдайы ізденіс пен технологияны қажет етеді.
Еліміздің «Жасыл экономика» саясатын жүзеге асырудың құқықтық аспектілерін жүргізу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң энергетика саласын қолдау және дамыту тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Ғылыми технологиялық ізденістердің нәтижесінде бүгінде адамзат баламалы энергия көздерін тұтынуды жолға қоя бастады. Мәселен, 2019 жылы адамзаттың энергетикалық қажеттілігінің 41,3 пайызын көмір, 21,7 пайызын табиғи газ құраса да, 16,3 пайызын гидроэлектроэнергия мен 10,6 пайызын атом энергиясы, сарқылмайтын энергия көздері (күн, жел, биомасса) 5,7 пайызын өтеген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 2-3 есе аз болатын. Нақты айтсақ, гидроэлектроэнергия – 4,8, атом энергиясы – 2,45, сарқылмайтын энергия көздері – 1,2 пайызды құраған болатын. Әрі соңғы жылдары баламалы энергия көздеріне көшу туралы халықаралық келісім көбейе бастады. 2009 жылы Еуропа Одағы Сарқылмайтын энергия көздері жөніндегі Нұсқауға қол қойған мемлекеттер 2020 жылға дейін баламалы энергия түрлеріне көшуге уағдаласқан болатын.
Еуропадағы кейбір мемлекеттер бұл жағынан үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мәселен, Дания мемлекеті мұны артығымен орындаған. Жел энергиясы елдің электр энергияға деген мұқтаждығын толықтай өтеп (140 пайызынын құраған, яғни 40 пайыз артық электр энергиясын өндірген), артылған көлемді Германия мен Швеция мемлекетіне тасымалдауда. Ал Исландия 2012 жылы-ақ геотермальды энергияны игеру арқылы электр энергияға деген сұранысты толықтай қамтамасыз еткен. 2016 жылы Германия мұнай мен атом энергиясынан бас тарту жөнінде саяси шешім қабылдады.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы