ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА БИЫЛ ҚАНША ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ?

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірде көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде соңғы жылдары жүздеген мың тұрғын табиғи газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасы жақсарып келеді.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс әкімдігі бекіткен арнайы жоспар аясында 2027 жылға дейін өңірдегі 161 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Бұл бастама ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек.
Өткен жылы облыста газдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу мақсатында 87 нысанның құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы көлемі 20,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен көптеген елді мекендерде газ құбырларын тарту және инфрақұрылымдық желілерді салу жұмыстары жүзеге асырылды.
Нәтижесінде 45 нысанның құрылысы толық аяқталып, 41 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылды. Осылайша шамамен 70 мың тұрғын көгілдір отынның игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіш өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жетістіктердің бірі саналады.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы 800-ден астам елді мекеннің 606-сына табиғи газ жеткізілді. Соның нәтижесінде облыстың газбен қамту деңгейі 88,7 пайызға жетті. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Өмірәлиевтің айтуынша, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады. Қазіргі таңда өңірде жалпы саны 74 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 33 нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 13,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
– Биылғы жоспарға сәйкес 34 елді мекендегі 19 мың 663 тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Ал құрылысы жалғасып жатқан қалған 41 нысан 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асырылады. Жоспарланған жұмыстар толық орындалған жағдайда өңірдің газбен қамту көрсеткіші 89,6 пайызға жетеді деп күтілуде, – деді Қуаныш Өмірәлиев.
Маманның айтуынша, облыс әкімдігі өңірдегі елді мекендерді толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2023–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен. Бұл құжат аясында кезең-кезеңімен жаңа газ желілері салынып, шалғай ауылдарды газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен кейбір елді мекендерде тұрғындар санының өте аз болуы жобаларды жүзеге асыруда белгілі бір қиындықтар туғызуда. Мәселен, өңірде елді мекен мәртебесіне ие болғанымен, бар болғаны 10-15 үйден ғана тұратын ауылдар кездеседі. Мұндай жерлерге газ құбырларын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып есептеледі.
– Қазіргі уақытта осындай 36 елді мекен анықталған. Бұл ауылдарда халық санының аздығына байланысты табиғи газ желілерін жүргізу шығындары өзін ақтамайды. Сондықтан олар бойынша баламалы шешімдер қарастырылуда. Ал жалпы жоспарға сәйкес қалған елді мекендерді кезең-кезеңімен табиғи газға қосып, 2027 жылға дейін 161 елді мекенді көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр, – деді бөлім басшысы.
Табиғи газбен қамту – халықтың тұрмыс деңгейін арттырудағы маңызды факторлардың бірі. Ол тұрғындардың шығындарын азайтып, көмір мен отын дайындау мәселесін жеңілдетеді, сондай-ақ экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Сондықтан Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың қатарында саналады.
Алдағы жылдары жоспарланған жұмыстар толық аяқталған жағдайда, Түркістан облысындағы тұрғындардың басым бөлігі табиғи газдың игілігін көріп, өңірдің коммуналдық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы