
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды штабының мүшелері Түркістан қаласындағы Ж. Тәшенов атындағы мектептің ұжымымен кездесті.
Жиынға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, штаб төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Нұралы Әбішов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков және сайлауалды штаб мүшелері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстыру, өңірдің даму басымдықтарын түсіндіру және сайлаушылармен пікір алмасу.

Жиында штаб төрағасы Алмас Салимов «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Алмас Алтайұлы бағдарламаның басты мақсаты өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу екенін атап өтті. Сонымен қатар Заң мен тәртіп, тиімді басқару, қуатты өңірлер, әділ экономика, цифрландыру және адами капиталды дамыту бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Нұралы Әбішов халықпен тұрақты байланыс орнату, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алу және депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламада халықтың мүддесін қорғауға бағытталған нақты міндеттер қамтылғанын жеткізді.

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков ел бірлігі, қоғамдық келісім, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне назар аударды. Қоғамның дамуына аға буын өкілдерінің қосар үлесі мен жастарға бағыт-бағдар берудің маңызын атап өтті.
Кездесуде кәсіпкерлік пен өндіріс саласының өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «АДЕА» ЖШС-нің құрылтайшысы Сүлеймен Арыстанов кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Ал «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бас инженері Ақиқат Абдуллаев елді мекендерді газбен қамту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Ілияс Бердашев бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және спорт саласын қолдау жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Жиын барысында білім беру саласын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау және әлеуметтік мәселелерді шешу бағыттары да сөз болды.
Кездесу соңында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі міндеттерін жүзеге асыруда халықпен ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, көпшілікті алдағы сайлауға белсенді қатысып, «Әділет» партиясы атынан ұсынылған кандидаттарды қолдауға шақырды.