
Түркістан қаласындағы «Ханшайым» көпсалалы сауда кешенінде «Әділет» партиясы облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері қала тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында штаб мүшелері сауда кешеніне келген азаматтармен еркін форматта тілдесіп, партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Әңгіме барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өзге де өзекті мәселелер қозғалды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Сонымен қатар жастар алдағы 29 қарашада өтетін сайлаудың маңызына тоқталып, азаматтарды өз таңдауын жасап, дауыс беру науқанына белсенді қатысуға шақырды.
Қазіргі таңда Түркістан облысының 17 аудан-қаласында 400-ге жуық жас үгіт-насихат жұмыстарына атсалысуда. Олар «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғын үйлерді аралап, азаматтармен жеке кездесулер өткізуде. Әрбір жүздесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, тұрғындарды толғандырған мәселелер мен ұсыныстарға назар аударылуда.
Осылайша, жастардың қатысуымен жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сайлаушылармен тікелей байланыс орнатуға және «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы ақпаратты кеңінен таратуға бағытталып отыр.
“Әділет” партиясы Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі