ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ ТҰРҒЫНДАРЫ «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері Сарыағаш қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы бес жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған негізгі міндеттер кеңінен түсіндірілді.

Жиында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов партияның бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі мазмұны мен басымдықтарын таныстырды.

Алмас Алтайұлының айтуынша, бұл құжат өңірдің өзекті мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспары болып саналады.
— Бағдарламадағы «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адами әлеует», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан» бағыттарының маңызы жоғары. Әсіресе, ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру мәселелеріне басымдық беріледі, — деді штаб төрағасы.
Ал, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Нұралы Әбішов сайлауалды бағдарламаның негізгі міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ, өңірлердің тұрақты дамуы үшін жергілікті мәселелерді жүйелі шешудің, халықпен тығыз байланыс орнатудың және тұрғындардың ұсыныстарын ескерудің маңызын түсіндірді. Сонымен қатар бағдарламада көзделген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда мәслихат депутаттарының жауапкершілігіне назар аударды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, облыстық сайлауалды штабтың мүшесі Аслан Ибадуллаев партия бағдарламасындағы «Әділ экономика» бағыты бойынша айтса, «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Мадиярұлы сайлауалды бағдарламаның жастарға қатысты басымдықтарын таныстырды.
Жалпы, кездесуде партия бағдарламасының экономикалық, әлеуметтік, білім беру, жастар саясаты, цифрландыру және инфрақұрылым салаларына қатысты басымдықтары жан-жақты таныстырылды. Штаб мүшелері алдағы бес жылға жоспарланған міндеттердің өңір дамуына ықпалын түсіндіріп, оларды жүзеге асыруда халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
Жиын соңында ұйымдастырушылар кездесуге қатысқан қала тұрғындарына алғыс білдіріп, алдағы мәслихат сайлауында азаматтық белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ, көпшілікті «Әділет» партиясы атынан ұсынылған кандидаттарды қолдауға шақырды.

“Әділет” партиясы Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы