«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Кентау қаласындағы трансформатор зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Басқосу барысында партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым міндеттер талқыланды. Әсіресе өнеркәсіп саласын өркендету, инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылды.
Кездесуде Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру арқылы аймақ экономикасын нығайту, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасау және қолданыстағы өндіріс орындарының мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жоспарлар сөз болды. Партия өкілдері экономиканың тұрақты дамуы ең алдымен нақты өндіріс орындарының көбеюімен, инвестиция көлемінің артуымен және жаңа жұмыс орындарының құрылуымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Сайлауалды бағдарламада өнеркәсіп саласын өркендету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа кәсіпорындар ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері басымдыққа ие. Алдағы бес жылда Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде Кентау қаласында 6 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл бастамалар қаланың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындардың еңбекпен қамтылуына жол ашады», – деді «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың басшысы Алмас Салимов.
Аталған жобалардың жүзеге асуы Кентау қаласының экономикалық әлеуетін нығайтуға, өндіріс саласындағы белсенділікті арттыруға және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа өндірістік бағыттардың қалыптасуы шағын және орта бизнестің дамуына да оң ықпал етпек. Өйткені ірі инвестициялық бастамалардың іске асуы қосымша қызмет көрсету салаларының дамуына, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюіне және жергілікті экономикалық айналымның жандануына жол ашады.
Жиында еңбек нарығын дамыту және халықтың әртүрлі санаттарын жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар да кеңінен талқыланды. Сайлауалды бағдарлама аясында жыл сайын субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстардың аясын кеңейту, жастар практикасын дамыту және «Күміс жас» жобасы арқылы егде жастағы азаматтарды еңбекке тарту көзделген.
Бұл бастамалар жұмыс іздеп жүрген азаматтарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, жастардың еңбек жолын бастап, алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауына, жұмыссыз азаматтардың тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар қатарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал «Күміс жас» жобасы тәжірибелі мамандардың кәсіби әлеуетін сақтап, олардың еңбекке араласуын жалғастыруға жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, кездесуде өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді. Өнеркәсіптің дамуы тек өндіріс көлемінің ұлғаюымен шектелмей, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартумен және олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар жүруі тиіс екені айтылды.
Кентау трансформатор зауытының еңбек ұжымымен өткен кездесуде партия өкілдері алдағы кезеңге арналған жоспарлармен бөлісіп, бағдарламаның өңір үшін маңызын түсіндірді. Өз кезегінде зауыт қызметкерлері өндіріс саласына қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру өзара сабақтас маңызды бағыттар екені атап өтілді. Бұл міндеттерді жүйелі жүзеге асыру Кентау қаласының өндірістік әлеуетін нығайтып, өңірдің экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.